Эльвира Есмұханова: Волонтерлер қозғалысы – елорданың қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігі
Бүгінде Астана волонтерлерін қаланың кез келген жерінен кездестіруге болады: маңызды мемлекеттік іс-шараларда, әлеуметтік мекемелерде, тіпті онлайн форматта да белсенді жұмыс істеп жүр. Қаладағы қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналған волонтерлердің басын біріктіретін ортақ идея қандай? Бұл жөнінде Elordainfo.kz тілшісіне «Астана жастары» ЖРО» КММ-нің волонтерлік қозғалысты дамыту бөлімінің басшысы Эльвира Есмұханова айтып берді.
Оның айтуынша, 14 жастан бастап волонтер болуға мүмкіндік бар. Сондықтан бұрын Қазақстанда волонтерлік қызмет көбіне студенттермен байланысты болса, бүгінде бұл бағытқа мектеп оқушылары да, кәсіпорындарда еңбек ететін азаматтар да белсенді атсалысуда. Сонымен қатар елордада зейнеткерлік және зейнеталды жастағы азаматтарды қамтитын «күміс» волонтерлер қозғалысы да қарқынды дамып келеді.
«Қалада өтетін бірде-бір халықаралық спорт немесе мәдени іс-шара волонтерлердің қатысуынсыз өтпейді. Қазіргі таңда Астанада 50-ге жуық волонтерлік ұйым мен қозғалыс белсенді жұмыс істейді. 9 мыңнан астам адам тұрақты түрде волонтерлік қызмет атқарса, елорда тұрғындарының шамамен 80 мыңы жылына кемінде бір рет қайырымдылық және волонтерлік акцияларға қатысады», - дейді ол.
Бұл бірлестіктердің жұмысы қалай ұйымдастырылады? Бөлім басшысының айтуынша, Астанадағы волонтерлік ұйымдардың басым бөлігі дербес форматта жұмыс істейді. Олардың өз басшылары мен үйлестірушілері бар. Кейбірінің жеке кеңсесі болмауы мүмкін, сондықтан барлық қызметін әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы үйлестіріп жатады.
«Волонтерлік қоғамдастықтың өзара тәжірибе алмасып, күш-жігерін біріктіруіне мүмкіндік жасау мақсатында 2020 жылғы 6 қаңтарда «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының командасымен бірге қалалық волонтерлер штабын құрдық. Арада небәрі үш ай өткенде COVID-19 пандемиясы басталды. Сол кезеңде еріктілер қоғамдастығының бірлескен күш-жігерінің арқасында елорда тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетілді. Волонтерлер бетперде таратып, азық-түлік себетін жеткізді, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді қашықтан алу барысында азаматтарға қолдау көрсетті.
Кейін штаб волонтерлікті дамыту және қолдау жөніндегі жол картасы аясында жұмысын жалғастырды. Бүгінде біз тәуелсіз ұйымдар мен қозғалыстардың қызметін үйлестіріп, оларға ақпараттық және ресурстық қолдау көрсетеміз, қалада өтетін іс-шараларды есепке аламыз, сондай-ақ жаңа дербес волонтерлік топтардың құрылуына және дамуына ықпал етеміз», - дейді спикер.
Волонтерлік қозғалысты дамыту бөлімінің мәліметінше, 2025–2026 жылдар аралығында волонтерлік ұйымдармен бірлесіп, «BizBirgemiz», «Қауіпсіз қала», «Адреса заботы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Taza Alem», «Stop Vandal» және басқа да жобалар аясында 1 200-ден астам акция өткізілді.
«Еріктілер көмекке мұқтаж азаматтарға да жан-жақты қолдау көрсетеді. Олар азық-түлік себеті мен ыстық тамақ жеткізеді, киім-кешек пен жиһаз таратады, тегін оқыту ұйымдастырады, іздестіру жұмыстарына қатысады. Мәселен, қыста волонтерлер қала кәсіпорындарымен бірлесіп, жалғыз тұратын зейнеткерлердің ауласын қардан тұрақты түрде тазалайды.
Белсенділер профилактикалық жұмыстарға да тұрақты түрде қатысады. Олар тұрғындарға жылыту маусымы мен көктемгі су тасқыны кезеңіндегі қауіпсіздік шарасы туралы ақпарат береді, жол қозғалысы ережесін түсіндіреді, тыйым салынған заттардың жарнамасын бояп өшіреді. Ал «Stop Vandal» акциясы аясында қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосады.
Айта кетерлігі, Астананың мемлекеттік мекемелері мен кәсіпорындары да волонтерлік қозғалысты дамытуға үлесін қосып келеді. Олар «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық бағдарламасына белсенді қатысып, еңбек ететін азаматтар арасында корпоративтік волонтерлік мәдениетін қалыптастыруда.Сонымен қатар елордалық ұйымдар волонтерліктің өзіндік бағыттарын да дамытып келеді. Олардың қатарында қараусыз қалған жануарларға арналған паналарды қолдау, инклюзивті жобаларды жүзеге асыру, көпбалалы отбасыларға жүйелі түрде көмек көрсету және басқа да әлеуметтік бастамалар бар», - дейді Эльвира Қарабекқызы.
Соңғы он жыл ішінде Қазақстанда волонтерлік саласында орасан зор өзгерістер болды. Бүгінде Астанадағы волонтерліктің жоғары маңызға ие болып, қаланың қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.
«Егер 2016 жылы елімізде волонтерлік қызметке қатысты алғашқы арнайы «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылданса, 2026 жылы «волонтерлік қызмет пен қайырымдылық» ұғымдары Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында мемлекеттік құндылық ретінде ресми түрде бекітіліп, жоғары деңгейде жан-жақты қолдау мен ынталандыруға ие болды. Волонтерлік қозғалыстың конституциялық деңгейде мойындалғаны бізді, сөзсіз, шын жүректен қуантады», - деген бөлім басшысы волонтерлердің алда әлі бағындырар белесі көп екенін айтты.