Астана жастары климат саясатының болашағын талқылады
Астанада климаттың өзгеруі мәселелеріне арналған LCOY Kazakhstan 2026 ұлттық жастар конференциясы өтті. Іс-шара барысында жастардың климаттық саясат пен экологиялық бастамаларды қалыптастырудағы рөлі талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Конференцияда халықаралық климат саясаты, БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясына (COP31) дайындық, Қазақстанның Ұлттық деңгейде айқындалған үлесі (ҰДАҮ) 3.0 құжатын іске асыру мәселелері қаралды.
Сонымен қатар жастардың климаттық бастамаларын қолдау, экологиялық және климаттық жобаларды дамыту, климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын азайту бағыттары бойынша пікір алмасу өтті.
Іс-шараға шамамен 80 жас қатысып, сарапшылармен бірге климаттық күн тәртібіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Конференция қорытындысы бойынша Қазақстан жастарының басымдықтары мен ұсыныстарын қамтитын Климаттық іс-қимыл жөніндегі ұлттық жастар декларациясын әзірлеу көзделген.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, LCOY Kazakhstan жастарға ұлттық және халықаралық климаттық үдерістерге қатысып, нақты ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.
Бұған дейін Астанада ТМД-дағы алғашқы автономды күн зарядтау стансасының жобасы таныстырылғанын жазғанбыз.