Астанада ТМД-дағы алғашқы автономды күн зарядтау стансасының жобасы таныстырылды
Қазақстан green-tech шешімін бүкіл ел аумағында кең ауқымда енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ТМД-да алғаш рет электромобильдерге арналған толық автономды күн энергиясымен жұмыс істейтін зарядтау станциясының таныстырылымы барысында белгілі болды. Алдағы уақытта мұндай станциялар желісін ауқымды түрде кеңейту көзделіп отыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігі электромобильдерге арналған автономды күн зарядтау станциясын еліміз бойынша green-tech шешімдерін кеңінен енгізудің жаңа серпінді бағыты ретінде қарастырады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Астанада өткен жұмыс кеңесіне Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев төрағалық етті. Жиынға Көлік министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ өкілдері қатысты.
«Алатау» спорт кешенінің аумағында орналасқан жаңа жасыл хабты отандық «BOLASHAQ POWER» ЖШС әзірлеген. Нысан қалалық электр желісіне тәуелсіз (off-grid) жұмыс істейді. Ол қуаты 100 кВт күн электр станциясын және сыйымдылығы 645 кВт·сағ энергия жинақтау жүйесін біріктіреді. Сонымен қатар жоба Қазақстанның Жасыл таксономиясының барлық талаптарына толық сәйкес келеді.
Кездесуге қатысушылар осындай автономды станцияларды республикалық маңызы бар негізгі автожолдардың бойында, қалаларда, өнеркәсіп кәсіпорындары мен инфрақұрылым нысандарында кеңінен орналастыру мүмкіндігін қарастырды. Экология және табиғи ресурстар вице-министрі былай деп атап өтт:
«Біз жекелеген жасыл нысандарды ғана емес, жаңартылатын энергетика, электр көлігі, инновациялық технологиялар мен көміртекті жобалар біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейтін төмен көміртекті экономиканың тұтас инфрақұрылымын қалыптастыруымыз керек. Күн энергиясын пайдаланып жұмыс істейтін зарядтау станциясы электр көлігіне қажетті инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік беріп қана қоймай, көміртек ізін азайтуға да жол ашады. Біздің міндетіміз – жекелеген демонстрациялық жобалардан олардың Қазақстан өңірлерінде кеңінен қолданылуына көшу. Бұл ретте инвесторлар үшін экономикалық тұрғыдан тартымды жағдайлар қалыптастыру қажет», - деді ол.
Осындай станциялар желісін дамыту Қазақстанға Париж келісімінің 6-бабы аясында сапалы климаттық жобалар портфелін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жеке инвестицияларды тартуға серпін беріп, көлік саласындағы парниктік газдар шығарындыларын жүйелі түрде азайтуға жол ашады.