Елорда жастарына жаңа мүмкіндік: әкімдік грантының иегерлері анықталды
Астанада 2026-2030 жылдарға арналған елорда әкімдігінің мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері анықталды. Бұл қолдау жастарға сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білім алып, кәсіби жолын бастауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Грант иегерлерінің бірі – Адина Серікова. Ол «Информатика пәнінің мұғалімі» мамандығын таңдаған. Жас талапкер үшін әкімдік гранты – өзі қызығушылық танытқан бағыт бойынша білім алып, болашақта білім беру саласында еңбек етуге мүмкіндік.
Грантқа ие болған Жансая үшін де алдағы кезең жаңа мүмкіндіктерге толы. Ол жоғары оқу орнында білім алып, жаңа дағдыларды меңгеруге және кәсіби тұрғыда дамуға дайындалып жатыр.
Ал Арафат алған білімін болашақта елорда игілігіне жұмсауды жоспарлайды. Оның айтуынша, өзі таңдаған мамандықты меңгеріп, туған қаласының дамуына үлес қосу – басты мақсаттарының бірі.
Елорда әкімдігінің мемлекеттік білім беру гранттары еңбек нарығының қажеттіліктері ескеріле отырып бөлінеді. Осы арқылы жастарға жоғары білім алуға жағдай жасалып қана қоймай, қаланың кадрлық әлеуетін қалыптастыруға да мүмкіндік беріледі.
Биылғы грант иегерлері үшін бұл – студенттік өмірдің басталуы ғана емес, таңдаған мамандығы бойынша кәсіби қалыптасуға жасалған алғашқы қадам.
Бұған дейін жаңа оқу жылы қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін жаздық.