Мамандар жұқпалы емес аурулардың алдын алу жолдарын атады
Жұқпалы емес аурулардың алдын алу үшін дұрыс тамақтану, дене белсенділігін арттыру және профилактикалық тексерулерден уақтылы өту маңызды. Бұл туралы ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті еске салды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Комитеттің мәліметінше, денсаулықты сақтау үшін күнделікті өмір салтына бірқатар қарапайым әдетті енгізу қажет.
Атап айтқанда, көкөністер мен жемістерді көбірек тұтынып, тұзы, қанты және майы көп тағамдарды шектеген жөн. Сонымен қатар тұрақты дене белсенділігі созылмалы аурулардың даму қаупін төмендетуге көмектеседі.
Мамандар темекі мен никотин өнімдерінен бас тартуға, алкоголь тұтынбауға және дене салмағын қалыпты деңгейде ұстауға кеңес береді.
«Сондай-ақ денсаулық жағдайын тұрақты бақылап, профилактикалық медициналық тексерулер мен скринингтерден уақтылы өту маңызды», – делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, аурудың алдын алу – денсаулықты сақтап, белсенді өмір салтын ұстанудың маңызды шарты.
Еске салсақ, бұған дейін жарты жылда санитария талаптарына сәйкес келмейтін 16 тонна өнім сауда айналымынан алынғаны туралы жаздық.