Жарты жылда санитария талаптарына сәйкес келмейтін 16 тонна өнім сауда айналымынан алынды
Бірінші жартыжылдықта бақылау сатып алуының қорытындысы бойынша 17 мыңнан астам өнім үлгісі зерттелді. Оның ішінде азық-түлік өнімдерінің 11 968 үлгісінің 8,8%-ы, ал азық-түлікке жатпайтын өнімдердің 5 729 үлгісінің 32,1%-ы белгіленген талаптарға сәйкес келмеген, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәлімдеуінше, анықталған кемшіліктің басым бөлігі, 92,96%-ы таңбалаудың талаптарға сәйкес келмеуі болып шықты. Сонымен қатар микробиологиялық көрсеткіштер бойынша (1,9%), физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша (1,7%), токсикологиялық көрсеткіштер бойынша (1,5%), органолептикалық көрсеткіштер бойынша (0,04%), физикалық факторлар бойынша (0,2%) сәйкессіздік анықталды, сондай-ақ тұтынушыларды жаңылыстыру фактілері де тіркелді (1,7%).
Тексеру нәтижелері бойынша Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер талаптарға сәйкес келмейтін өнімді алып қою және кері қайтарып алу туралы 716 қаулы шығарды. Сауда айналымынан жалпы құны 11 млн теңгеден асатын 16 тонна тауар алынды. Жалпы сомасы 19,2 млн теңгеге әкімшілік айыппұлдар салынды, 483 тергеп-тексеру жүргізіліп, 16 жоспардан тыс тексеру өткізілді.
«Комитет тұтынушыларға өнімді сатып алу кезінде таңбалануын мұқият зерделеуді ұсынады. Таңбалау анық, оңай оқылатын болуы және мемлекеттік және орыс тілдерінде мынадай ақпаратты қамтуы тиіс: өнімнің атауы, дайындалған күні, сақтау мерзімі мен шарттары, құрамы, өндіруші және шығарылған елі туралы мәліметтер. Сондай-ақ өнімнің Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін бағалау рәсімдерінен өткенін растайтын ЕАС белгісінің болуына назар аудару қажет», делінген хабарламада.
Сатып алушы сатушыдан өнімнің сәйкестігін растайтын құжаттарды – сәйкестік туралы декларацияны, сәйкестік сертификатын немесе мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті талап етуге құқылы. Құжаттардың түпнұсқалығын оларда көрсетілген мәліметтерді өнімнің таңбалануындағы ақпаратпен (атауы, өндірушісі, артикулы және басқа да сәйкестендіру белгілері) салыстыру арқылы тексеруге болады.
Еске салсақ, елімізде биыл алты айдың ішінде тұтынушылар көңілінен шықпаған тауарларды сатушыларға өткізіп, 1,5 млрд теңгесін қайтарып алды.