Референдум-2026

Әсем Қайдарова: Жаңа Конституция – азаматтық қоғам мен мемлекеттің жаңа диалогы

Әсем Қайдарова: Жаңа Конституция – азаматтық қоғам мен мемлекеттің жаңа диалогы
Фото: Әсем Қайдарованың жеке мұрағатынан

Қазақстанда жаңа Конституцияның күшіне енуі елдің саяси-құқықтық жүйесінде маңызды кезең болмақ. Жаңартылған құжат мемлекеттік басқару тетіктерін жетілдіруді, азаматтардың құқықтарын қорғауды және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуды көздейді. ҚР Президенттік орталығының жетекші ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы Әсем Қайдарова Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында осылай мәлімдеді.

– Әсем Серікқазықызы, 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енеді. Бұл құжат елдің саяси-құқықтық жүйесінде маңызды өзгерістерді көздейді. Сіздің ойыңызша, жаңа Конституция Қазақстанның дамуы үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашады?

– Жаңа Конституцияныңкүшіне енуімен, жаңамемлекеттік басқару жүйесіне көшкенімізді білдіреді. Жаңа конституциялық қағидаттар мен құндылықтар, Тәуелсіздік және Егемендік, Әділетті Қазақстан идеясы, «Заң және тәртіп» қағидаттары, бірлік және ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім, адами капиталды дамыту, мәдениет, білім, ғылым және инновация құндылықтары, еңбекқорлық, прогресс, табиғатқа деген қамқорлық болып есептеледі. Осылайша, конституциялық, институционалдық және идеологиялық деңгейлерде жаңа қоғамдық біріктіруші әдептің біртұтас мағыналық негізі қалыптасады. Жаңа конституция мен реформалар дамудың тең мүмкіндіктерін құру нәтижесінде әлеуметтік теңсіздіктің төмендеуіне, Қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Жаңа конституциялық өзгерістер мемлекеттік институттарды жаңғыртуға, азаматтардың саяси үдерістерге қатысуын кеңейтуге және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтуге мүмкіндік береді.

- Конституция – мемлекеттің негізгі құқықтық құжаты. Жаңа өзгерістер азаматтардың құқықтары мен заң үстемдігін нығайтуға қалай ықпал етеді деп ойлайсыз?

- Жаңа Конституцияда адам құқықтары басымдыққа ие. Конституция цифрлық ахуалды мойындай отырып, жеке өмірді, жеке деректерді, хат алмасуды және банктік құпияны қорғауға кепілдік береді.

Азаматтарды қорғау күшейтілді, оның ішінде заңсыз жер аударуға тыйым салу және тек сот шешімімен азаматтықтан айыруды шектеу сияқты баптар бар.

Сондай-ақ, жаңа Конституция азаматтық қоғам мен мемлекеттің жаңа диалогы. Халық кеңесі платформасын енгізу азаматтардың заң шығару процесіне тікелей қатысуына және идеяларды талқылауға әкеледі. Жергілікті басқару реформасы облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері Президенттің өкілдері, ал қалалардың әкімдері сайланатын коммуналдық бағдарланған модель құруға алып келеді.

Жергілікті судьялар мен құқық қорғау органдарының басшыларын сайлау олардың халық алдындағы жауапкершілігін арттырады.⁠

– Конституциялық реформалардың мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттырудағы маңызы қандай?

– Қабылданған конституциялық заңдар мемлекеттік басқару архитектурасының тұрақтылығы мен тиімділігін арттырудың тағы бір кезеңі болып отыр. Бұл жолы аумақтық және кеңістіктік жоспарлау моделін жетілдіруге баса назар аударылды.

Бұл реформалар аумақтарды ғана емес, міндеттерді де құрылымдауға мүмкіндік береді. Әлемдегі жер аумағы жағынан 9-шы ел ретінде Қазақстан үшін бұл конституциялық деңгейдегі реформалар кең кеңістікті, билік институттарын және өңірлердің нақты қажеттілігін «біріздендіру» мүмкіндігі ретінде қарастырылады. Ал, Халық кеңесі – қоғамды өңірлердегі халықтың стратегиялық мақсаттары мен мұқтаждықтары төңірегінде шоғырландыруға мүмкіндік береді.

Жаңа басқару архитектурасының негізгі элементі – биліктің бөліну принципін нығайту. Парламенттің өкілеттігі кеңейтіліп, оның шешім қабылдаудағы және атқарушы биліктің қызметін бақылаудағы рөлі күшейтілуде. Сонымен бірге Үкіметтің қоғам мен өкілді органдар алдындағы жауапкершілігі артады.⁠

Конституцияда биліктің шектен тыс шоғырлануын тежейтін бірқатар тетік бекітілген: президент өкілеттік мерзімінің қайта сайлану құқығынсыз бір мерзіммен шектелуі, президенттің өкілеттік кезеңінде саяси партия мүшесі болуына тыйым салынуы, Парламенттің рөлінің күшейтілуі және өкілді органдардың өкілеттіктерінің кеңейтілуі. Бұл  өкілеттіктерді біртіндеп қайта бөлу арқылы неғұрлым теңгерімді басқару моделін құруға ұмтылысты көрсетеді.

– Құқықтық тұрақтылық пен жаңа реформалар экономиканың дамуына да ықпал етеді. Жаңа Конституцияда қарастырылған өзгерістер инвестициялық ахуал мен кәсіпкерлікті дамытуға қалай әсер етуі мүмкін?

– Конституция білім беруді, ғылымды және инновацияны халықтың әл-ауқатын арттырудың маңызды факторлары ретінде дамытуға баса назар аударады.

Еңбек заңнамасы қашықтан жұмыс істеуді және платформалық жұмыспен қамтуды қоса алғанда, жұмыспен қамтудың жаңа түрлеріне бейімделуде.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) рөлі күшейтіліп, медициналық көмектің бірыңғай базалық пакеті енгізілуде.

Инновацияға бағдарланған экономика кәсіпкерлік пен стартаптарды қолдаумен тығыз байланысты. Мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасап, инвестициялар тартады, технопарктерді, инновациялық кластерлерді және арнайы экономикалық аймақтарды дамытады. Бұл жаңа компаниялардың құрылуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және заманауи өндірістердің дамуына ықпал етеді.

Қазақстанның сауда хабы және логистиканың жаңа орталығы ретінде дамуына жол ашылады. Технологиялық қызметтер мен тауарлар логистикасын жетілдіру көзделген.

Сонымен қатар, әлемде протекционизмнің күшеюі мен геосаяси шиеленістің артуы сауда мен қызмет көрсету салаларының аймақтандырылуын жеделдетуде. Осыған байланысты өңірлік жеткізу тізбектерін дамыту ерекше маңызға ие болып отыр

Конституциялық реформалар құқықтық тұрақтылықты күшейту, инвестициялық тартымдылықты арттыру және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау арқылы Қазақстан экономикасының ұзақмерзімді дамуына ықпал ете алады.

– Сіздің ойыңызша, жаңа Конституция Қазақстанның ұзақмерзімді тұрақтылығы мен қоғамның әл-ауқатын арттыруға қандай үлес қосады?

– Жаңа Конституция Қазақстанның ұзақмерзімді тұрақтылығы мен қоғамның әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қоса алады. Ең алдымен, ол билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтып, мемлекеттік институттардың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл азаматтардың мемлекетке деген сенімін күшейтіп, саяси тұрақтылықтың берік негізін қалыптастырады.

Сонымен қатар, Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған нормалардың күшеюі әділетті қоғам құруға ықпал етеді. Заң үстемдігі мен тең мүмкіндіктер қағидаттарының нығаюы әрбір азаматтың өз қабілеті мен еңбегі арқылы табысқа жетуіне жағдай жасайды.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, тұрақты құқықтық орта инвестиция тартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Нәтижесінде халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқаты артады.

Жалпы алғанда, жаңа Конституция демократиялық құндылықтарды нығайту, қоғамдық келісімді сақтау және елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету арқылы Қазақстанның ұзақмерзімді тұрақтылығы мен өркендеуіне маңызды үлес қоса алады.

Сұхбатыңызға рақмет!

Авторы: Мадина Ізекенова