Қазақстан халқының 47,7% дене шынықтырумен және спортпен айналысады

Қазақстан халқының 47,7% дене шынықтырумен және спортпен айналысады
Фото: Думан Аманжол

2026 жылы Қазақстан халқының 47,7% дене шынықтырумен және спортпен айналысады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық сатистика бюросына сілтеме жасап.

Бұл көрсеткіш 12 000 үй шаруашылығы арасында жүргізілген қоғамдық пікірді зерттеу нәтижесінде анықталды. 

«Оның ішінде 19,2% бос уақытында өз бетінше жаттығады, 28,1% білім беру ұйымдарында өткізілетін спорт сабақтарына қатысады, ал сауалнамаға қатысқандардың 0,4% спортпен кәсіби түрде айналысады», делінген хабарламада.

2025 жылмен салыстырғанда дене шынықтырумен және спортпен айналысатындардың үлесі 46,5%-дан 1,2 пайызға артты.

Қала тұрғындары арасында дене шынықтырумен және спортпен айналысу деңгейі біршама жоғары - 49,3% (2025 жылы – 48,4%), ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 45% (2025 жылы – 43,5%).

Өз бетінше дене шынықтырумен және спортпен айналысатындардың ең жоғары үлесі 36-48 жас аралығындағы адамдарға тиесілі (28,4%). Одан кейін 17-28 жас аралығындағы (18,6%), 58 жастағы және одан үлкен (16,6%), 29-35 жас (16,0%) және 49-57 жас аралығындағы (15,4%) топтары келеді.

Өңірлік бөліністе 17-28 жас аралығында өз бетінше дене шынықтырумен және спортпен айналысатындардың ең жоғары үлесі Маңғыстау (48,1%), Қызылорда (31,0%), Ақтөбе облыстарында және Ұлытау облысында (28,9%) байқалады. 36-48 жас аралығындағылар арасында ең жоғары көрсеткіш Павлодар (42,6%), Жамбыл (40,8%) облыстарында және Шымкент қаласында (39,2%) тіркелді. 58 жас және одан жоғары жастағылар арасында Солтүстік Қазақстан (32,7%), Қостанай (32,2%) облыстары және Алматы қаласы (30,3%) көш бастап тұр.

Жынысы бойынша өз бетінше дене жаттығулары мен спортпен айналысатындар арасында бөлініс іс жүзінде тең: 51,0%-ын ерлер, 49,0%-ын әйелдер . Ерлер арасында ең жоғары үлес 36-48 жас аралығындағы жас тобына тиесілі (14,4%), одан кейін 17-28 жас (11,3%) және 29-35 жас (9,1%) топтары келеді. Әйелдер арасында да 36-48 жас аралығындағы жас тобы көш бастап тұр (13,9%), сондай-ақ 58 жастағы және одан үлкен әйелдердің үлесі жоғары (12,3%).

Қалаларда әйелдердің 43,9% және ерлердің 34,5% өз бетінше дене белсенділігімен айналысса, ауылдық жерлерде арақатынас керісінше: ерлердің 54,6% және әйелдердің 32,7% өз бетінше айналысады.

Еске салсақ, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жасөспірімдердің дзюдодан әлем чемпионатындағы нәтижесін тарихи жетістік, деп мәлімдеді. 18 жасқа дейінгі спортшылар 10 медаль жеңіп алды. Оның 3-уі алтын, 3--уі күміс және 4-уі қола.