Асылым Жақия: Спорт – өмірімнің ажырамас бөлігі
Нысана көздеуден әлем чемпионы Асылым Жақия Спорт күніне орай спорттың өз өміріндегі маңызы туралы айтып, тұрғындарды спортпен айналысуға шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
«Спорт - өмірімнің ажырамас бөлігі. Ол тәртіпке, жауапкершілікке және ең бастысы, өзіме сенуге үйретті. Спортшы үшін әрбір жаттығу – өз мүмкіндігіңді сынап, алға қойған мақсатыңа бір қадам жақындаудың жолы.
Менің ойымша, спорт адамды физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да шыңдайды. Жеңіске жету үшін табандылық, еңбекқорлық және өз мақсатыңа деген сенім қажет. Кейде қиындықтар кездеседі, жарыста ойдағыдай нәтиже болмауы мүмкін. Бірақ осындай сәттерде берілмей, қайта еңбектену маңызды.
Сондықтан баршаңызды спортпен айналысуға шақырамын. Әрбір жаттығу жаңа мақсатқа жетелейді. Бастысы – өзіңе сеніп, алға қарай ұмтылу.
Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, толағай табыс және жаңа жеңістер тілеймін! Спорт күні құтты болсын!» – деді Асылым Жақия.
Айта кетейік, Асылым Жақия маусым айында Германияның Зуль қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 25 метр қашықтықтан стандартты шағын калибрлі тапаншамен оқ атудан және стенд атудан командалық есепте алтын медаль жеңіп алды.