Мемлекеттік органдарда құжат дайындау мен тапсырмаларды бақылау ЖИ арқылы оңтайландырылады

Бүгін, 12:39
Думан Аманжол Думан Аманжол
Мемлекеттік органдарда құжат дайындау мен тапсырмаларды бақылау ЖИ арқылы оңтайландырылады
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жаңа тәсілдерді ең алдымен өз жұмысында енгізіп, кейіннен басқа да мемлекеттік органдарда қолдануға болатын шешімдерді қалыптастырып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі күні министрліктің 60 ішкі бизнес-процесіне кешенді талдау жүргізіліп, оларды оңтайландыру жұмыстары жүзеге асырылды. Мамандар қолданыстағы жұмыс тәртібін жан-жақты зерделеп, артық және қайталанатын кезеңдерді, қолмен орындалатын операцияларды, ұзақ келісу рәсімдерін және жұмыс барысын баяулататын басқа да факторларды анықтады.

«Талдау нәтижесінде процестердің жаңа модельдері әзірленді. Олар кезеңдер санын қысқартуды, күнделікті қайталанатын жұмыстарды автоматтандыруды, құрылымдық бөлімшелер арасындағы цифрлық өзара іс-қимылды, жасанды интеллект құралдарын қолдануды және тапсырмалардың орындалу мерзімдерін бақылауды күшейтуді көздейді», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта пысықталып жатқан практикалық бағыттардың қатарында:

- жасанды интеллект көмегімен нормативтік құқықтық актілерді талдау және ықтимал қайшылықтар мен құқықтық коллизияларды анықтау;

- құжаттардың, хаттардың және өтініштерге берілетін жауаптардың бастапқы жобаларын дайындау;

- бекітілген үлгілер негізінде құжаттарды автоматты түрде қалыптастыру;

- келіп түсетін тапсырмаларды жауапты құрылымдық бөлімшелер арасында цифрлық форматта бөлу;

- тапсырмалардың орындалу мәртебесін бақылау және мерзімдердің жақындағаны туралы автоматты хабарламалар жіберу;

- ақпаратты қайта енгізу мен құжаттардың қайталануын азайту;

- үлкен көлемдегі деректер негізінде талдамалық материалдар мен қысқаша қорытындылар дайындау бар.

Бұл ретте жасанды интеллект қызметкерлерді алмастыратын емес, олардың жұмысын қолдайтын құрал ретінде қолданылады. Ол ақпаратты жылдам өңдеуге және күнделікті қайталанатын жұмыстарды жеңілдетуге көмектеседі. Ал түпкілікті шешім қабылдау, құжаттарды тексеру және жауапкершілік мамандардың құзырында қалады. 

Алдын ала есептеулерге сәйкес, жаңа мақсатты модельдерді енгізу оңтайландырылған процестердің тиімділігін орта есеппен 50-60%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы еңбек шығындары 2 500 адам-сағаттан 1 000-1 250 адам-сағатқа дейін қысқаруы мүмкін. Нәтижесінде 1 500 адам-сағатқа дейінгі уақытты үнемдеуге, яғни шамамен 188 сегіз сағаттық жұмыс күнін босатуға және мамандардың уақытын мазмұнды әрі басым міндеттерге бағыттауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар тапсырмаларды орындау мерзімдері де айтарлықтай қысқарады деп күтілуде. Мысалы, бұған дейін 20 жұмыс күніне дейін созылған кейбір процестер жаңа модель енгізілгеннен кейін 8-10 жұмыс күні ішінде орындалуы мүмкін.

Министрлік цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект құралдарын өз жұмысында сынақтан өткізуді, олардың практикалық тиімділігін бағалауды және жаңа модельдерді жетілдіруді жалғастыруда. Келесі кезеңде ең тиімді шешімдерді басқа мемлекеттік органдарға кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Министрлік олардың қызметкерлерін процестерді оңтайландырудың заманауи тәсілдеріне және жасанды интеллект құралдарын қолдануға үйрету жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Еске салсақ, Бектенов көлік саласындағы ЖИ жобаларын жедел енгізуді тапсырды.