Оңтүстік өңірлердегі 100-ден астам ирригация каналын автоматтандыру басталды

Оңтүстік өңірлердегі 100-ден астам ирригация каналын автоматтандыру басталды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі су шаруашылығы инфрақұрылымын кешенді жаңғырту аясында жалпы ұзындығы 857 шақырым болатын, 65 мың гектар суармалы алқапты қамтитын 103 ирригация каналын автоматтандыру жұмыстары басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Сонымен қатар бұған дейін реконструкциядан өткен жалпы ұзындығы 1 184 шақырым болатын 270 каналды автоматтандыру жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, суару каналдарын автоматтандыру элементімен және суды есепке алудың заманауи жүйесін енгізе отырып реконструкциялауға арналған 264 жоба әзірленіп жатыр.

«Цифрлық құралдарды енгізу су ресурстарын басқарудың кешенді әрі көпдеңгейлі жүйесін жоспарлы түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл экономиканың түрлі саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, елдің су қауіпсіздігіне кепілдік беруге және ресурстарды болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Әбдіраимов.

Айта кетейік, министрлік Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірледі. Жүйеде су нысандары, су шаруашылығы инфрақұрылымы, су пайдаланушылар, жерасты суы және саланың басқа да элементтері туралы деректер біріктірілген. 

Қазіргі таңда жүйеде 23 мыңнан астам су нысанының деректері цифрландырылды. Олардың қатарында 17 758 өзен, 3 148 көл және 1 207 гидротехникалық нысан бар.

Еске салсақ, елдегі су шаруашылығына екі жылда рекордтық 677 млрд теңге инвестиция тартылды.