Референдум-2026

Едіге Емберді: Менің өмірімде алкогольге орын жоқ

Едіге Емберді: Менің өмірімде алкогольге орын жоқ
Фото: Қанат Байұзақов

Кәсіби спортта жоғары нәтижеге жету үшін салауатты өмір салтын ұстану маңызды. Осы орайда ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасында әлем чемпионы Едіге Емберді зиянды әдеттердің алдын алу, спорттың адам өміріндегі маңызы және спортшыға жүктелетін жауапкершілік туралы Elordainfo.kz тілшісіне айтып берді.

- Сіздің ойыңызша, жасөспірімдер арасында алкогольдің таралуына қандай факторлар әсер етеді?

- Менің ойымша, бұл мәселеге ең алдымен тәрбие мен қоршаған орта әсер етеді. Жасөспірімнің кімдермен араласатыны, қандай ортада өсіп келе жатқаны оның өмір салтына тікелей ықпал етеді. Балаға жастайынан дұрыс бағыт-бағдар беріп, зиянды әдеттің салдарын түсіндіру өте маңызды.

- Кәсіби спортшы ретінде алкогольдің ағзаға және спорттық нәтижеге тигізетін зиянын қалай түсіндірер едіңіз?

- Мен өзім алкоголь ішпейтіндіктен, оның әсерін жеке тәжірибемнен айтып бере алмаймын. Дегенмен, спортшы үшін денсаулық пен физикалық дайындықтың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Алкогольдің адам ағзасына кері әсер ететіні белгілі. Жоғары нәтижеге ұмтылған спортшы үшін мұндай әдеттің пайдасынан гөрі зияны әлдеқайда көп деп ойлаймын.

- Спортпен айналысу зиянды әдеттердің, соның ішінде алкогольге әуестенудің алдын алуға қалай көмектеседі?

- Спортпен кәсіби түрде айналысқандықтан, ең алдымен өз денсаулығыма жауапкершілікпен қарауым керек. Менің артымда елімнің, отбасымның үлкен сенімі мен жауапкершілігі тұр. Алдыма қойған нақты мақсатым да бар – спортта биік жетістіктерге жетіп, Олимпиада чемпионы атану. Сондықтан менің өмірімде ішімдікке орын жоқ. Спорт адамды тәртіпке, жауапкершілікке және өз мақсатына адал болуға үйретеді деп санаймын.

- Бүгінде жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда спортшылар қандай рөл атқаруы керек деп ойлайсыз?

-  Спортшы жастарға ең алдымен өзінің ісімен үлгі болуы керек. Мен де үйреншікті дағдым, спорттағы жетістігім және алға қойған мақсатым арқылы жастарға жақсы үлгі болуға ұмтыламын. Өйткені спортшының айтқан сөзінен гөрі, көрсеткен үлгісі көбірек әсер етеді. Әр спортшы салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосуы керек деп есептеймін.