«Түркияға виза рәсімдеймін»: Астанада азаматтарды алдаған алаяқ анықталды
Астана қаласында өтіп жатқан Hi-Tech жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында интернет кеңістігінде жасалған алаяқтық дерегі әшкереленді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Анықталғандай, 28 жастағы азаматтың әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы өзін сенімді делдал ретінде таныстырып, азаматтарға Түркияға виза рәсімдеуге көмектесетінін айтып, қызметін ұсынғаны анықталды. Ол жәбірленушінің сеніміне кіріп, құжаттарды дайындау және виза рәсімдеу шығындарын сылтауратып, алдын ала ақша алған.
Алайда күдікті уәде еткен қызметін орындамаған. Ақшаны алғаннан кейін түрлі сылтаулар айтып уақыт созып, кейін байланысқа шығуды мүлдем тоқтатқан. Нәтижесінде жәбірленушіге 600 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.
«Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ұсталды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға интернет арқылы ұсынылатын қызметтерге ерекше сақтықпен қарауды ескертеді. Виза рәсімдеу, жұмысқа орналастыру немесе басқа да ақылы қызметтер үшін алдын ала қаражат аудармас бұрын қызмет көрсетушінің заңдылығы мен сенімділігіне көз жеткізіңіз. Күмәнді ұсыныстарға сенбей, тек ресми ұйымдар мен лицензияланған агенттіктердің қызметіне жүгінген жөн.
Еске сала кетейік, Астана прокуроры интернет алаяқтардан сақтану жолдарын түсіндірді.