Әділеттілікті жүзеге асырудағы мемлекеттік тілдің рөлі

Әділеттілікті жүзеге асырудағы мемлекеттік тілдің рөлі
Коллаж: Elordainfo.kz

Құқық үстемдігі мен әділеттілік - демократиялық мемлекеттің іргетасы, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған күннен бастап, мемлекет құрушы ұлттың тарихи мұрасы мен мәдени құндылықтарын сақтай отырып, ұлттық құқықтық жүйесін қалыптастыруға ерекше назар аударды. Осы орайда, мемлекеттік тіл - қазақ тілінің құқық саласында орнығуы заң үстемдігінің нақты көрсеткіші болып табылады.

Әділеттілікті жүзеге асыру тек заңнаманың сапасына немесе сот жүйесінің құрылымына ғана емес, сонымен қатар сот өндірісінің қандай тілде жүргізілетініне де тікелей байланысты. Азамат өзіне қатысты сот актісін түсіне алмаса немесе өзінің уәжін еркін жеткізуге мүмкіндігі болмаса, әділеттілікке сенім әлсірейді. Сондықтан мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі орны - тек тіл саясатының бөлігі емес, ол әділеттіліктің жүзеге асуының басты шарты.
Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекеттік тілдің мәртебесі айқын көрсетілген (7-бап). Сонымен бірге, 14-бапта заң мен сот алдында барлық азаматтардың теңдігі бекітілген. Осы нормалардан туындайтын қағида - әділеттілік әрбір азаматқа өзінің құқығын мемлекеттік тілде толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік беруі тиіс.

ҚР «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңында да сот төрелігін іске асыруда азаматтардың мемлекеттік тілді пайдалану құқығы нақты қарастырылған. Бұл норма сот төрелігінің тілдік тұрғыдан да қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Халықаралық құқықтық тәжірибеге көз жүгіртсек, әр мемлекет өз сот өндірісін мемлекеттік тілде жүргізуді басты қағида ретінде қабылдаған. Францияда барлық сот ісі француз тілінде жүреді, бұл елдің тілдік бірегейлігін ғана емес, құқықтық жүйенің бірізділігін қамтамасыз етеді. Германияда сот өндірісі неміс тілінде жүзеге асады. Егер тараптар мемлекеттік тілді білмесе, оларға аудармашы тегін беріледі. Жапонияда мемлекеттік тіл - жапон тілі сот өндірісінде қатаң қолданылады, бұл елдің құқықтық мәдениетін нығайтып, азаматтардың сотқа сенімін арттырады.

Қазақстан да осы бағытта дамуда: мемлекеттік тіл - сот төрелігінің негізгі тілі болуы тиіс. Бірақ, еліміздегі көпэтностық құрамға байланысты Конституция тараптардың құқықтарын сақтау үшін іс жүргізуді қажет болған жағдайда орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл құқықтық мемлекет принциптеріне сай келетін теңгерімді шешім.

Сот өндірісінде мемлекеттік тілдің артықшылықтары неде? Әділеттіліктің айқындығы. Сот актілері мемлекеттік тілде әзірленсе, қоғамға қолжетімді әрі түсінікті болады. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Қазақ тілінде құқықтық терминологияның орнығуы заң ғылымының дамуына ықпал етеді.Азаматтардың құқықтарын қорғау. Мемлекеттік тілде сөйлеу құқығы - тараптардың өз уәжін толық әрі еркін жеткізуіне жағдай жасайды.Ұлттық бірлік пен тәуелсіздікті нығайту. Тіл - мемлекеттіліктің негізі. Сот төрелігін мемлекеттік тілде жүзеге асыру елдің тәуелсіздігін нақтылап, ұлттық құндылықтарды дәріптейді.
Қазақстан соттарында мемлекеттік тіл қолданысы жылдан-жылға артып келеді. Электронды сот жүйесінде де құжаттарды қазақ тілінде әзірлеу мүмкіндігі бар. Алайда әлі де шешімін күткен түйткілдер бар:
- сот құжаттарының қазақша дайындалу сапасы әрқашан жоғары емес;
- құқықтық терминологияда бірізділік жетіспейді;
- кейбір сот қызметкерлері мен адвокаттардың мемлекеттік тілді кәсіби деңгейде меңгеруі жеткіліксіз.
Бұл мәселелерді шешу үшін кешенді қадамдар қажет.

Міндеттер мен ұсыныстар

Мемлекеттік тілді меңгеруді жүйелі дамыту. Судьялар мен сот қызметкерлеріне арналған тілдік біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру.
Құқықтық терминологияны жетілдіру. Ғалымдар мен практиктердің бірлескен жұмысы арқылы бірізді әрі сапалы терминдер жүйесін қалыптастыру.
Сот құжаттарының сапасын арттыру. Қазақ тілінде сот шешімдерін үлгі ретінде жариялап, үздік тәжірибелерді тарату.

Цифрландыру арқылы қолжетімділік. Электронды сот актілерін қазақ тілінде автоматты аударма емес, сапалы редакция арқылы жариялау.
Заң білімін мемлекеттік тілде дамыту. Университеттерде мемлекеттік тілде сапалы заң әдебиеттерін көбейту, ғылыми еңбектерді қазақ тілінде жариялауды ынталандыру.

Мемлекеттік тіл - әділеттіліктің негізгі құралы. Ол тек коммуникация тілі ғана емес, құқықтық мәдениеттің, ұлттық бірегейліктің және азаматтардың мемлекетке сенімінің айнасы. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, сот өндірісінің мемлекеттік тілде жүргізілуі - құқықтық мемлекеттің айнымас қағидаты.

Қазақстанда мемлекеттік тілдің сот жүйесінде қолданылуын кеңейту - әділеттілікті қамтамасыз етудің, құқық үстемдігін нығайтудың және ұлттық бірлікті сақтаудың басты тетігі. Мемлекеттік тілде жүзеге асқан әділеттілік - шынайы әділеттілік.
 
Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының бас маманы Д.М.Манап