«Қазсушардың» техника паркі 27%-ға жаңартылды
«Қазсушар» РМК-ның техника паркі 27%-ға жаңартылды. Соның нәтижесінде техниканы жалға алу шығындары 85%-ға азайып, жөндеу шығындары екі есеге қысқарды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов отырыс өткізді, онда кәсіпорынның 2025 жылғы жұмыс қорытындысы шығарылды, деп хабарлады Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде «Қазсушар» теңгерімінде 2 100-ден астам техника бар. Былтыр Өнеркәсіпті дамыту қорының қаражаты есебінен 576 техника сатып алынды. Ал тарифтік қаражат есебінен 135 арнайы техника алынған. Нәтижесінде 2025 жылы 375 гидротехникалық нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1 840 шақырым ирригациялық канал механикалық әдіспен тазартылды.
«Биыл кәсіпорын 146 техника, соның ішінде жерснарядтар, катерлер, катоктар, сорғылар және бетон араластырғыштар сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, 1876 арнайы техника мен автокөлікке GPS-трекер орнату жөнінде келісімшарт жасалды. Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық басталды. Барлық филиал тасқын суды өткізу жоспарларын бекітті, гидротехникалық нысандарға тексеріс жүргізіліп, ескерту жүйелері орнатылды. Су қоймаларының жұмыс режимі бассейндік су инспекцияларымен келісілуде, тасқын суды қабылдау үшін бос сыйымдылық қоры қамтамасыз етіліп жатыр. Инертті материалдар мен 572 техника дайындалды», - деп жазылған хабарламада.
Шағын гидроэнергетиканы дамыту мақсатында 29 гидротехникалық нысан шағын су электр станцияларын орнату үшін іріктелді. «Қазсушар» нысандарында шағын СЭС дамытуға арналған жол картасы әзірленді.
Халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында Корея Республикасының Су ресурстары корпорациясымен (K-Water) меморандумға қол қойылды. Құжат тәжірибе және технология алмасуды, сондай-ақ, шағын энергетиканы дамыту саласындағы әріптестікті көздейді. Сонымен қатар, «Қазсушар» Азия су кеңесінің (AWC) құрамына енді.
«Бұл ұйым Азияның 26 елінен су ресурстары саласындағы 176 ұйымды біріктіреді. AWC құрамына ену кәсіпорынға су ресурстарын басқаруда цифрлық технологиялар мен инновациялық тәсілдерді енгізуге, сондай-ақ стратегиялық жоспарлау, бірлескен жобаларды іске асыру және тәжірибе алмасу бағытында азиялық және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді», - деп жазылған ақпаратта.
Қытайдың Power China компаниясымен ынтымақтастық аясында су шаруашылығы саласының 125 маманы, оның ішінде «Қазсушар» қызметкерлері ҚХР-да біліктілікті арттыру курсынан өтті. Барлық шығынды қабылдаушы тарап өз мойнына алды.
Бұдан бөлек, былтыр кәсіпорын филиалдарының өндірістік қызметкерлерінің жалақысы орташа есеппен 35-50%-ға артты.
«Кәсіпорын алдында Қазақстанның су шаруашылығы саласын трансформациялау жөніндегі стратегиялық құжаттарды, соның ішінде Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы мен Су саласын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру міндеті тұр. Министрлік барлық мақсатты индикаторларға уақытылы әрі толық қол жеткізу үшін қажетті жағдайларды жасады. Жаңа техника берілді, қызметкерлердің жалақысы көтерілді, біліктілікті арттыру бағдарламалары ұйымдастырылды. Сондықтан биылға жоспарланған барлық жобаның толық орындалуын қамтамасыз ету қажет», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бұған дейін елімізде су шаруашылығы мамандарын даярлайтын орталықтар құрылатынын жаздық.