Денсаулық сақтау министрі елордадағы орталықта қан тапсырды

Денсаулық сақтау министрі елордадағы орталықта қан тапсырды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ақпан айын – өтеусіз қан донорлығы айы деп жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Денсаулық сақтау министрі елордалық қан орталығында донор болып, донорлық қозғалыстың маңыздылығын жеке үлгісі арқылы көрсетті. Министрліктің мәлімдеуіше, бұл бастама ерікті, өтеусіз донорлық мәдениетін дамытуға, сондай-ақ қоғамдағы жауапкершілік, өзара көмек және гуманизм құндылықтарын нығайтуға бағытталған.

Ақпан айында еліміздің барлық өңірлерінде ақпараттық-түсіндіру шаралары, тақырыптық акциялар, донорлармен және серіктестермен кездесу ұйымдастырылып, қан орталықтарында арнайы бағдарламалар өткізу жоспарланған. Осы акция аясында кез келген азамат жақсылық жасауға ниет білдіріп, өз өңіріндегі қан орталығына барып, ерікті түрде қан тапсыра алады.

Айта кетерлігі, Қазақстанда жыл сайын 180 мыңнан астам азамат донор атанып, олар жалпы алғанда қан мен оның компоненттерін 250 мыңнан астам рет тапсырады. 

Еске салсақ, Астанада 11 жаңа медициналық мекеме салынады.