Шетелдіктерге жер сату туралы жалған ақпарат таратқан азаматқа айыппұл салынды

Бүгін, 14:08
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Шетелдіктерге жер сату туралы жалған ақпарат таратқан азаматқа айыппұл салынды
Фото: freepik.com

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасында шетелдіктерге жер сату жөніндегі тыйым алынып тасталды деген жалған ақпарат тараған. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Аталған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді және фактілердің бұрмалануы болып табылады. Жер мен табиғи ресурстарға қатысты нормалар ешқандай өзгеріске ұшыраған жоқ және Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясының талаптарына толықтай сәйкес келеді.

Ақпаратты тарату фактілері құқықтық тұрғыдан бағаланды. Алматы қаласының аудандық әкімшілік сотының қаулысымен А. есімді азамат жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылып, 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды», - делінген хабарламада.

Алматы қаласының Полиция департаменті азаматтар мен медиа қауымдастық өкілдерін тек ресми және тексерілген ақпарат көздерін пайдалануға шақырады, сондай-ақ жалған ақпаратты жария кеңістікте таратудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.

Бұған дейін Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының мәтінінде шетелдіктерге жер сатуға тыйым салу алынып тасталды деген ақпарат жалған екенін мәлім еткен болатын.