ІІМ дрон операторларын даярлауға кірісті
Дрон операторлары министрліктің Басқару академиясында ашылған мамандандырылған зертхана мен полигонда даярлықтан өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоға сілтеме жасап.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов ведомствоға қарасты зертхана мен полигонның жұмысымен танысты. Жаңа зертхананың басты ерекшелігі – FPV дрондармен жұмыс істеудің толық циклын қамтиды. Мұнда 3D-принтерді пайдаланып бөлшектерді жобалау және дайындаудан бастап, дронды құрастыру, техникалық баптау және сынақтан өткізуге дейінгі барлық кезең жүзеге асырылады.
Полигонда операторлар практикалық тұрғыда дайындалады. Онда ұшқышсыз аппараттарды басқару дағдысы, маневр жасау және шынайы жедел оқиғаларға барынша жақындатылған ортада оқу тапсырмаларын орындау пысықталады.
Еске салсақ, Астанада заңсыз дрон ұшырмақ болған шетел азаматтары ұсталған еді.