Қазақстанда оқушылар мен жастардың ел тарихы мен мәдениетіне қызығушылығын арттыру мақсатында «Uly Dala Joly: Ұлы Дала Тарихы» үстел ойыны жасалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы бөлген шағын грант есебінен жүзеге асырылды.
Аталмыш жобаның авторы, «Тарих және мәдениет саласындағы волонтерлікті дамыту» бағыты бойынша шағын грант иегері, Тараз қаласының тұрғыны – Ақарыс Әуесхан.
«Бір күні достарыммен «Монополия» ойнап отырып, Қазақстанның тарихи орындарына арналған осындай ойын жасасақ қалай болар екен деп ойладым. «Uly Dala Joly: Ұлы Дала Тарихы» ойынының идеясы осылай пайда болды.
Басты мақсатым – қазақ тіліндегі үстел ойындарының санын көбейтіп қана қоймай, жастарға еліміздің тарихын қызықты әрі түсінікті етіп жеткізу», – дейді жоба авторы.
Ойынды әзірлеу барысында тарихшы ғалымдардың кеңестері ескерілді. Ол 8 жастан асқан 2-6 адамға арналған.

Жоба аясында ойынның 15 жиынтығы шығарылып, Астана, Қарағанды және Тараз қалаларында сынақтан өтті.
Ойын жиынтықтары білім беру мекемелеріне, жастар және волонтерлік ұйымдарға берілді. Алдағы уақытта жоба авторы ойынның таралымын көбейтуді жоспарлап отыр.