Астанада заңсыз дрон ұшырмақ болған шетел азаматтары ұсталды

Бүгін, 16:51
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада заңсыз дрон ұшырмақ болған шетел азаматтары ұсталды
Фото: polisia.kz

Астанада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және туристер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан күнделікті патрульдеу барысында туристік полиция қызметкерлері ұшқышсыз ұшу аппаратын заңсыз ұшыру әрекетінің жолын кесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оқиға елордадағы танымал туристік орындардың бірінде тіркелді. Патрульдеу кезінде туристік полиция қызметкерлері шетелдік төрт азаматтың дронды ұшыруға дайындалып жатқанын анықтаған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қала аумағында, әсіресе адамдар көп шоғырланған жерлерде арнайы рұқсатсыз дрон ұшыруға тыйым салынған.

Құқық қорғау органдары жедел әрекет етіп, ұшқышсыз ұшу аппаратының көкке көтерілуіне жол бермеді. Тексеру барысында шетелдік азаматтардың Қазақстанда дрон пайдалану тәртібі мен қолданыстағы шектеулер туралы толық ақпараттан хабарсыз болғаны белгілі болды.

«Туристік полиция қызметкерлері профилактикалық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әуе қауіпсіздігі талаптары, қоғамдық тәртіпті сақтау және жергілікті заңнаманы құрметтеудің маңыздылығын егжей-тегжейлі түсіндірді. Нәтижесінде құқық бұзушылыққа жол берілмей, жағдай бейбіт түрде реттелді.

Өз кезегінде шетелдік туристер полиция қызметкерлерінің кәсібилігіне, сыпайылығы мен түсіністік танытқанына алғыс білдірді», - делінген хабарламада.

Полиция қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырып, туристерді Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға шақырады.

Еске сала кетейік, бұған дейін әскерде ұшқышсыз ұшатын аппараттар кеңінен қолданылатынын жаздық.