Астанада жылына 5 мыңға дейін робототехникалық жүйе шығаруға арналған өндірістік және ғылыми-технологиялық кешен салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Мұнда адамға ұқсас роботтарды әзірлеу, бағдарламалау және жасанды интеллект технологияларын дамыту көзделген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Astana Hub баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба қазақстандық QAZBOT Technologies компаниясы мен робот өндіруші AgiBot компаниясының технологиялық серіктестігі аясында іске асырылуда.
Астанада қазанның басында өткен AI & Digital Bridge 2026 форумында QAZBOT Technologies робототехникалық шешімдерін және Қазақстанда робот өндірісін дамыту жоспарын таныстырды.
Кешенде 150-ден астам жұмыс орны ашылмақ
Биыл тамыз айында Астанада алғашқы Robotics & AI QazBot кешенінің құрылысы басталды.
Жалпы аумағы 15 мың шаршы метр болатын нысанда роботтарды құрастыру және өндіру, инженерлік әзірлемелер жүргізу, бағдарламалық қамтамасыз ету мен жасанды интеллект модельдерін жасау, құрылғыларды сынақтан өткізу және мамандар даярлау жоспарланған.
Кешеннің жобалық қуаты – жылына 5 мыңға дейін робототехникалық жүйе. Жоба аясында 150-ден астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр.
Сонымен қатар кешен құрамында роботтарды оқытуға қажетті ақпаратты жинап, өңдейтін Qaz Data Factory инфрақұрылымы жұмыс істемек.
Роботтарды қай салаларда қолдануға болады?
AI & Digital Bridge 2026 форумына қатысқан AgiBot компаниясының вице-президенті Сюн Цзилинь робототехника мен жасанды интеллектінің қолданылу аясы алдағы жылдары кеңейетінін айтты.
«Гуманоид роботтар мен жасанды интеллект әлі де жаңа технологиялар болып саналады. Біз олардың өнеркәсіпте, қызмет көрсету саласында, тіпті үй жағдайында да көптеген міндетті орындағанын қалаймыз», – деді ол.
Оның айтуынша, роботтардың мүмкіндігін дамытуда деректердің сапасы мен көлемі маңызды рөл атқарады. Роботтар нақты және виртуалды деректер негізінде оқытылып, жаңа міндеттерді орындауға бейімделеді.
Сюн Цзилинь Қазақстанда қалыптасатын деректерді ел аумағында сақтау мәселесінің де маңызды екенін атап өтті.
«Қазақстан өз деректерінің шетелге шығарылғанын қаламайтынын түсінеміз. Сондықтан бұл деректердің ел ішінде сақталуы үшін күш біріктіруге ниеттіміз», – деді AgiBot өкілі.
Қазіргі уақытта QAZBOT Technologies пен AgiBot қазақстандық компаниялармен роботтарды өнеркәсіпте, логистикада, медицинада, білім беруде, қаржы және қызмет көрсету салаларында сынақтан өткізу мүмкіндіктерін талқылап жатыр.
Сарапшы роботтарды адамдармен тікелей байланыста қолдану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігіне де назар аударды.
Жобаны іске асыру Қазақстанда дайын роботтарды пайдаланумен қатар, оларды әзірлеу, өндіру және жасанды интеллект негізіндегі технологияларды дамытуға мүмкіндік бермек.
Еске сала кетейік, бұған дейін астаналық студенттердің жүрек ауруларын анықтайтын ЖИ жүйесін әзірлегені хабарланған еді.