Қазақстандық студенттер дрондарды Python арқылы басқаруды үйреніп жатыр

Қазақстандық студенттер дрондарды Python арқылы басқаруды үйреніп жатыр
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Tashenev University студенттері AI-Sana көрмесінде дрондарды бағдарламалау және басқару бойынша практикалық курсты таныстырды. Жоба аясында білім алушылар ұшқышсыз аппараттарды Python бағдарламалау тілі арқылы басқаруды және автоматты ұшу алгоритмдерін әзірлеуді меңгереді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Курстың басты мақсаты – студенттерді дрондарды дайын басқару пультімен ұшыруға ғана емес, бағдарламалық код арқылы басқаруға, олардың қозғалысын жоспарлауға және нақты тапсырмаларды орындауға бейімдеуге үйрету.

Оқу барысында студенттер Bitcraze Crazyflie 2.1 үлгісіндегі шағын дрондарды пайдаланады. Алдымен құрылғының құрылымымен, ұшу қағидаттарымен, датчиктердің жұмысымен және компьютерге қосылу тәсілдерімен танысады.

Одан кейін Python тілінде командалар жазып, дронды ұшыру, белгілі бір биіктікте ұстап тұру, әртүрлі бағытта қозғалту және автоматты түрде қондыру алгоритмдерін әзірлейді. Сондай-ақ дрондарды квадрат, шеңбер және алдын ала белгіленген бағыт бойынша ұшыруды үйренеді.

Жобаның келесі кезеңінде бірнеше дронды бір мезгілде басқару жүйесін дамыту көзделген.

Қазіргі уақытта университетте 10 Crazyflie дроны бар. Алдағы уақытта оларды ортақ басқару жүйесіне біріктіріп, қозғалысын үйлестіру жоспарланып отыр.

Бұл бірнеше дронды қатар ұшыруға, оларды белгілі бір тәртіппен орналастыруға, ұшу кезінде орналасу ретін өзгертуге және әрқайсысына жеке қозғалыс бағытын белгілеуге мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар жобаға компьютерлік көру технологиясын енгізу жоспарланған. Арнайы камера дрондарға орнатылған визуалды маркерлер арқылы олардың кеңістіктегі орнын анықтап, қозғалысын бақылауға көмектеседі. Ал компьютерлік жүйе белгіленген бағыттан ауытқуды анықтап, қозғалысты автоматты түрде түзетуге мүмкіндік береді.

Болашақта дрондардың өзара қауіпсіз қашықтық сақтауын, бір мезгілде қозғалуын, автоматты ұшуы мен қонуын қамтамасыз ететін функцияларды дамыту көзделген. Жобаға жасанды интеллект элементтерін енгізу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.

Әзірлемені алдағы уақытта дрон-шоуларда, аумақтарды бақылауда, іздеу-құтқару жұмыстарына қолдау көрсетуде, нысандарды анықтауда және автономды роботтық жүйелерді сынақтан өткізуде қолдануға болады.

Жобаның ерекшелігі – студенттердің дайын технологияны пайдаланумен шектелмей, өздері әзірлеген алгоритмдерді нақты құрылғыларда сынақтан өткізуі. Бұл бағдарламалау, робототехника және автономды жүйелерді басқару салаларындағы практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған.

Еске сала кетейік, бұған дейін астаналық команда дрон-футболдан халықаралық турнирде жеңімпаз атанғаны хабарланған еді.