Қазақстанда eGov Mobile қосымшасын пайдаланушылар саны 13,2 миллионнан асты. Бүгінде платформа арқылы 1100-ден астам мемлекеттік қызмет пен сервисті пайдалануға болады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мобильді электрондық үкіметтің тарихы 2012 жылы mGov қосымшасының іске қосылуынан басталды. Алғашында тұрғындар қосымша арқылы түрлі анықтама алып, айыппұл, салық және мемлекеттік баждарды төлей алды. 2019 жылға қарай қосымшада 70-ке жуық қызмет пен сервис қолжетімді болды.
Сол жылы қосымша жаңартылып, eGov Mobile атауын алды. Кейін оған биометриялық сәйкестендіру, цифрлық құжаттар мен QR-код арқылы қол қою мүмкіндіктері енгізілді.
Бүгінде ең сұранысқа ие сервистердің бірі – «Цифрлық құжаттар». Ол заңнамада көзделген жағдайларда құжаттардың электрондық нұсқасын пайдалануға мүмкіндік береді. Сервис іске қосылғаннан бері қазақстандықтар цифрлық құжаттарға 600 миллионнан астам рет жүгінген. Ал QR-код арқылы құжаттарға қол қою қызметі шамамен 80 миллион рет пайдаланылған.
Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, жеті жыл ішінде қосымшаның белсенді аудиториясы айтарлықтай өскен.
«Егер 2019 жылы ай сайынғы белсенді пайдаланушылар саны 272 мың болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 7,5 миллион адамға жетіп, шамамен 28 есеге өсті. Биыл қосымша арқылы 20 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл қосымшаның қазақстандықтар арасында сұранысқа ие болып келе жатқанын көрсетеді», – деді ол.
Бірінші вице-министр мобильді үкіметті одан әрі жетілдіру жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
2024 жылдың шілдесінде кәсіпкерлерге арналған eGov Business қосымшасы іске қосылды. Ол арқылы бизнес өкілдері мемлекеттік қызметтерді пайдаланып, электрондық цифрлық қолтаңбаға өтінім бере алады, QR-код арқылы құжаттарға қол қояды және басқа да операцияларды орындайды.
2025 жылы eGov Mobile қосымшасының дизайны мен пайдаланушы интерфейсі жаңартылды.
Ал 2026 жылы платформаға жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін eGov GPT сервисі енгізілді. Ол пайдаланушыларға мемлекеттік қызметтерді табуға және қажетті ақпаратты қарапайым тілде алуға көмектеседі.
Мәселен, азамат баланың тууын тіркеу тәртібін сұраса, сервис қандай қызметтер қажет екенін және неден бастау керектігін түсіндіреді. Қазір eGov GPT арқылы 50-ден астам мемлекеттік қызмет қолжетімді. Сервиске жүгіну саны 150 мыңнан асқан.
Биыл eGov GPT Астанада өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумында «GovTech Project of the Year» номинациясының жеңімпазы атанды.
Бұған дейін жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жыл соңына дейін eGov GPT арқылы 150 қызмет іске қосылатынын айтқан еді.