2027 жылы елордада өтетін шорт-тректен әлем кубогы мен әлем чемпионатына әзірлік қай деңгейде

2027 жылы елордада өтетін шорт-тректен әлем кубогы мен әлем чемпионатына әзірлік қай деңгейде
Фото: Қанат Байұзақов

«Алау» мұз айдыны сарайының басқарушысы және Қазақстан конькишілер одағының атқарушы директоры Азат Садықов Elordainfo.kz. тілшісіне конькимен жүгіруден ел чемпионаты және 2027 жылы өтетін елордада өтетін шорт-тректен Әлем кубогы мен әлем чемпионаты жайлы ойымен бөлісті.

- Астана бүгін басталған конькимен жүгіруден ел чемпионаты қалай өтіп жатыр?

- 13-15 қазан күндері «Алау» мұзайдынында конькимен жүгіруден Қазақстан чемпионатында 8 өңірден жиналған 100-ге жуық спортшы сынға түседі. Ең көп спортшы Алматы қаласы (25 спортшы), Астана қаласы (20 спортшы) және Қостанай облысынан (18 спортшы) тіркелді. Осы бәсекенің қорытындысы бойынша, қараша айында басталатын Әлем Кубогының кезеңдеріне отандастарымыз іріктеледі. Бәсекелестік өте жоғары.

Милан Олимпиадасынан кейін жаңа Олимпиадалық цикл басталды. Бапкерлер құрамы толықтай ауысты. Талантты жастар ересектер санатына ауысып, өздерін көрсетуге мүмкіндік алмақ. Солардың бірі – жасөспірімдер арасында 5 дүркін әлем чемпионы Кристина Шумекова. Болашағы жарқын деп айтуымызға болады. Одан бөлек те, мықты резервтер жеткілікті. Ересектер санатында да 500 метр қашықтықта ең жылдам спортшылардың қатарына кіретін Евгений Кошкин, 2025 жылғы әлем чемпионатында жүлдеге бір қадам жетпеген Кристина Силаева, Милан Олимпиадасында ТОП-6-ға кірген Надежда Морозова және т.б өкілдеріміз бар.

- Қысқы жарыс түрлерінің барлығы «Алау» мұзайдынында өтеді. БАҚ беттерінде алдағы шорт-тректен жасөспірімдердің әлем кубогының кезеңі мен әлем чемпионаты да дәл осы сарайда ұйымдастырылатыны айтылды. Жарысқа қаншалықты дайынсыздар?

- Еліміздегі ашық мұзайдыны «Медеу» болса, жабығы осы «Алау». Енді 2027 жылы қаңтар айында жасөспірімдер арасында шорт-тректен әлем кубогының үшінші кезеңі және содан кейін әлем чемпионатын қабылдаймыз. Біз бұған дейін 2025 жылдың қараша айында әлем кубогының екі кезеңін өткізіп, 30-ға жуық елдің өкілдерінің басын қосқанбыз. Жарысты жауапкершілікпен атқарып, жоғары деңгейде өтті. Соның арқасыда бізге әлем чемпионаты сеніп тапсырылды. Біздің федерация және Астана қаласы үшін үлкен мәртебе болғалы тұр.

- «Алау» мұз сарайы әлемдік деңгейдегі жарысты ұйымдастырды ғой. Өзге елдің спортшылары қандай көзқараспен қабылдады?

- Иә, бізде «Алау» сарайының мұзы сапасы жағынан әлем бойынша 6-орынды алады. Сол сапалығын әлі де ұстап келеміз. Бұл жерде Азия және әлемнің жаңа рекордтары қойылды. 2011жылдан бері ашылған спорт нысаны өз сапасын жоғалтқан жоқ. Әлі де үлкен доданы қабылдай аламыз. Өздеріңізге белгілі, «Алау» мұз сарайы басқа спорт түрлерінен де жарысты өткізе алады. Мысалы, дзюдодан 2015 жылғы әлем чемпионаты дәл осы жерде өтті. 2024 жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 8 спорт түрінен жеңімпаздар анықтады. Спорт ғимараты сыйымдылығы бойынша да ерекшелене алады.

- Енді шорт-тректен әлем кубогы мен әлем чемпионатын қабылдау мүмкіндігі берілді. Соған қандай да бір өзгеріс пен талаптар бар ма? Спорт ғимараты халықаралық жарысқа толықтай дайын ба?

- Әлем кубогы немесе әлем чемпионатын қабылдау үшін, біз барлық өтінішімізді алдын ала береміз, объект туралы таныстырамыз. Олар өздерінің критерийлері бойынша толықтай тексереді. Шорт-тректің халықаралық стандарттарына барынша саймыз. Коньки спорты мен шорт-трек спортының екеуінде де жарыстарды қабылдай аламыз. Федерация тарапынан үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Жасөспірімдер ғана емес, ересектер арасында да әлемдік додаларды ұйымдастыру жоспарымызда бар.

- Өткенде шорт-тректен, бүгін конькимен жүгіруден Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Жеке өзіңізге осы спорт түрлерінде өсім байқала ма?

– Иә, қысқы спорт түрлерінде Олимпиада мен Азиадада жақсы көрсеткіштер көрсетсе, одан кейінгі жас буындар сол спорт түріне көп келеді. Мысалы, 2025 жылы Харбинде өткен қысқы Азия ойынларында шорт-трекшілердің тарихи алтыны балалардың көптеп келуіне әсерін тигізді. Шорт-трекке ондай қатты үлкен спорт нысандары қажет те емес. Ал коньки спорт түрінен ұзындығы 400 метрді қамтитын стадиондар бізде аз. Туризм және спорт министрлігі тарапынан Павлодар облысы мен Солтүстік Қазақстан облысында конькимен жүгіру спортына бейім келетін спорт нысандарын салуға тапсырмалар берілді.

- Олимпиададан кейін конькимен жүгіруден жаңа цикл басталды. Бас бапкер де ауысты деген ақпарат бар. Алдағы кезеңге қандай жоспарлар қойылып отыр?

– Жасөспірімдер құрамасының бас бапкері болған Александр Жигиннің жетекшілігімен конькимен жүгіруден тарихи нәтижелер тіркелді. Енді оған ересектер құрамасымен жұмыс істеуге мүмкіндік беріліп отыр.

Шорт-тректе де осындай өзгерістер бар. Мамандарымыз алдағы ірі халықаралық жарыстарда өздерінің біліктілігі мен әлеуетін нәтижелері арқылы дәлелдейді деп сенеміз. Спортшылардың дайындалуына қажетті жағдай жасау бағытында федерация, әкімшілік және министрлік тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.