Қоғам белсендісі: Жаңа өзгерістер – жаңаруға ұмтылған қоғамның көрінісі

Бүгін, 10:35
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Қоғам белсендісі: Жаңа өзгерістер – жаңаруға ұмтылған қоғамның көрінісі
Фото: Мұхаммед Болысбектің жеке парақшасынан

Ата заңымызға еніп жатқан өзгерістердің өзегінде «Әділетті Қазақстан» құндылықтары мен «Заң мен тәртіп» қағидаты айқын бекітілді. Мұндай пікірді AMANAT партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бүгін еліміз таңдау алдында тұр. Бұл – өткенге әділ баға беріп, болашаққа бағыт түзейтін тарихи кезең. Ата заңымызға еніп жатқан өзгерістердің өзегінде «Әділетті Қазақстан» құндылықтары мен «Заң мен тәртіп» қағидаты айқын бекітілді. Бұл – әр азаматтың құқығы мен бостандығы ең жоғары құндылық ретінде танылып, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға жасалған нақты қадам.

Сонымен қатар, қоғамдық бейбітшілік пен бірліктің кепілі болып табылатын этносаралық және конфессияаралық келісімге ерекше мән беріліп отыр. Бұл – сан алуандылықты байлық деп қабылдайтын, татулықты ту еткен елдің берік ұстанымы. Болашаққа көз тіксек, білім мен мәдениет, ғылым мен инновация елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі күш ретінде айқындалды. Адами капиталды дамыту – мемлекеттің ұзақ мерзімді стратегиясының өзегі. Жаңа өзгерістер – жаңаруға деген ниеттің, әділетке ұмтылған қоғамның көрінісі. Ал бұл жолдағы ең басты күш – саналы азамат пен біртұтас халық», - деді Мұхаммед Болысбек.

Сондай-ақ спикер еліміз жаңа тарихи кезеңге қадам басқалы тұрғанын айтты.

«Жаңа Конституция – осы өзгерістердің берік құқықтық негізі. Негізгі заңда халықтың мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі ғана емес, егемендіктің де жалғыз иесі екені нақты көрініс тапты. Бұл – конституциялық жүйенің логикалық тұтастығын нығайтып, қоғамдық биліктің мәнін дұрыс түсінуге жол ашады. Бұл – Әділетті Қазақстанға бастайтын маңызды қадам», - деді М.Болысбек.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланғанын жаздық.