Uchet.kz және Qoldau.kz сервистерінің атын жамылған алаяқтардың жаңа «тәсілдері» әшкереленді
Соңғы уақытта Uchet.kz және Qoldau.kz сервистерінің атын жамылған алаяқтар жалған SMS-хабарламалар таратып жатыр. Осыған байланысты киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтарды сақ болуға шақырады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қаскүнемдер хабарламада «шұғыл, тез әрекет ету керек» деген сөздерді әдейі қолданып, адамдарды асықтырып, қорқытып жеке деректерін, логин мен парольдерін алуға тырысады. Негізгі мақсат – азаматтардың есептік жазбаларына және қаржылық қаражатына қол жеткізу», - делінген хабарламада.
Есте сақтаңыз:
• ресми сервистер мұндай мазмұндағы SMS-хабарламаларды ешқашан жолдамайды;
• күмәнді хабарламаларға жауап бермеңіз, ондағы сілтемелерге өтпеңіз;
• жеке деректеріңізді (ЖСН, логин, пароль, банк картасының мәліметтері) SMS арқылы жібермеңіз;
• кез келген ақпаратты тек ресми сайттар мен сенімді дереккөздер арқылы тексеріңіз.
Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратураның Telegram арқылы тараған қауіпті алаяқтық туралы ескерткені туралы жаздық.