Ата заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде мәдениет пен инновация анықталды – профессор

Бүгін, 11:35
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Ата заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде мәдениет пен инновация анықталды – профессор
Коллаж: Elordainfo.kz

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата заңының жобасын жариялады. Бұл құжат – елдің құқықтық, саяси және құндылықтық дамуын қайта пайымдауға негізделген кешенді конституциялық трансформацияның нәтижесі. Мұндай пікірді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры-зерттеушісі Жанар Кегембаева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Жаңа жоба азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды ұзақ әрі ашық талқылау арқылы қалыптасты. Екі мыңнан астам ұсыныс қаралып, жүйеленді. Осы үдерістің өзі Конституцияның тек мемлекеттік институттардың емес, бүкіл қоғамның ортақ келісімі екендігін айқын көрсетеді», - деді профессор.

Жанар Аманжанқызының айтуынша, бұл реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасынан бастау алды. 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Президент саяси жүйені кешенді жаңғырту қажеттігін атап өтіп, бұл қадамды жасанды интеллект дәуіріндегі әлеуметтік-экономикалық серпінмен тікелей байланыстырды. Бастапқыда Конституцияның шамамен 40 бабына өзгеріс енгізу жоспарланғанымен, талқылау барысында өзгерістердің ауқымы әлдеқайда кең екені анықталды. Нәтижесінде Конституция мәтінінің 84 пайызын қамтитын, 77 бапқа қатысты түзетулер ұсынылып, іс жүзінде жаңа Конституция жобасын әзірлеу қажеттілігі туындады.

«Жаңа Конституция жобасының ең маңызды мағыналық өзегі – адамға бағдарланған мемлекет тұжырымдамасы. Адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет Конституцияның Преамбуласында мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланып отыр. Бұл декларативті формула емес, бүкіл Конституцияның мазмұнын айқындайтын құндылықтық бағдар. Бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім мемлекеттіліктің іргетасы ретінде бекітіледі. Егемендік, тәуелсіздік, унитарлық сипат пен аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызылған. Жоба мәтінінде Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа жауапкершілікпен қарау сияқты қағидаттардың Конституция деңгейінде бекітілуі ерекше мәнге ие», - деді заң ғылымдарының докторы Жанар Аманжанқызы.

Спикердің сөзінше, бұл нормалар құқықтық мемлекет ұғымын тек институционалдық құрылым ретінде емес, қоғамның күнделікті өмірін реттейтін құндылықтар жүйесі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

«Конституцияның жаңа мәтінінде білім, ғылым, мәдениет пен инновация мемлекеттің басты даму бағыты ретінде айқындалған. Бұл – Қазақстанның болашағы адами капиталмен айқындалатынын құқықтық деңгейде мойындау. Сонымен қатар, цифрландыруға байланысты азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау жөніндегі норманың енгізілуі – заманауи құқықтық ойлаудың айқын көрінісі. Жеке өмірге қол сұқпаушылық, дербес деректерді қорғау мәселелері енді тек салалық заңдармен емес, тікелей Конституциямен кепілденеді.Институционалдық тұрғыдан алғанда, ең ірі жаңалық – 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуы. Ол пропорционалды сайлау жүйесі арқылы жасақталып, депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жыл болып белгіленеді. Бұл модель саяси партиялардың институционалдық жауапкершілігін арттыруға, кадрлық саясатты жетілдіруге және өкілді биліктің сапасын көтеруге бағытталған», - деді профессор.

Сонымен қатар, Қазақстан Халық Кеңесі атты жаңа жалпыұлттық диалог алаңы енгізіледі. Ол заң шығару бастамасы құқығына ие жоғарғы консультативтік орган ретінде қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға қызмет етеді. Бұл орган Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын логикалық түрде жалғастырады.

«Жобада Вице-президент институтының енгізілуі де ерекше назар аудартады. Бұл лауазым мемлекеттің ішкі және сыртқы қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени байланыстарын дамытуда Президенттің атынан өкілдік ететін маңызды буынға айналады.Құқықтық кепілдіктерді күшейту тұрғысынан алғанда, адвокатура туралы арнайы баптың Конституцияда алғаш рет бекітілуі, зияткерлік меншік құқығын қорғау, кінәсіздік презумпциясын нақтылау, «Миранда ережесінің» енгізілуі – азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін сапалы түрде арттырады. Сонымен қатар, азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдарға кері күш беруге тыйым салу қағидаты нақты әрі жүйелі түрде бекітілген», - деді Жанар Кегембаева.

Профессордің пікірінше, жаңа Конституция жобасы Қазақстанның тарихи дамуына, қазіргі мемлекеттік құрылымына және халықаралық беделіне құрметпен қарай отырып, болашаққа бағытталған құқықтық модель ұсынады.

«Бұл құжатта мемлекеттің стратегиялық мақсаты, азаматтың қадір-қасиеті және қоғамның ұзақ мерзімді мүдделері өзара үйлесім тапқан.Алда бұл жоба жалпыхалықтық талқылаудан өтіп, түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады. Конституциялық комиссияның жұмысы жалғасуда, ал жаңа Ата Заң – Қазақстан қоғамының ортақ құқықтық келісімі ретінде қалыптасу үстінде», - деді Жанар Кегембаева.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланғанын жаздық.