Жақсыбек Күлекеев: «Жаңа Конституция ұлттық жаңғырудың жаңа кезеңіне жол ашады»
Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Күлекеев елімізде жүріп жатқан конституциялық реформалардың маңызына тоқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан ұлттық жаңғырудың жаңа кезеңін бастан өткеріп отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен дайындалған жаңа Конституцияның редакциясы халықты толғандырған көптеген өзекті мәселелерді қамтып, ауқымды саяси реформалардың негізгі платформасына айналуда.
Соңғы жарты жылда атқарылған дайындық жұмыстары Президент Жарлығымен құрылған Конституциялық кеңес отырыстарында жан-жақты талқыланып, алғашқы маңызды кезеңіне жетті. Бүгіннен бастап жаңа Конституция жобасы көпшілік назарына ұсынылып отыр. Кеңес жұмысы барынша ашық өтіп, қоғамға реформалардың барысымен танысуға толық мүмкіндік берілді.
Жақсыбек Күлекеев Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл өзгерістер елдің саяси жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік басқару жүйесін қайта құруға бағытталған жүйелі әрі стратегиялық реформалар екенін атап өтті.