Қайрат Сақ: Тәуелсіз елде өмір түру - бақыт, оны біз бағалап, қастерлей білуіміз керек
Алаштанушы-ғалым, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Қайрат Сақ Тәуелсіз елде өмір түру үлкен бақыт деген ойын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Желтоқсан - қазақ үшін өте қасиетті ай. Кезінде Алаш орда үкіметі құрылған, қазақтың бүкіл съезі жасалып, соның аясында Алаш автономиясы жарияланған. 1986 жылғы оқиға да осы қасиетті айда болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік күні жариялануымен аяқталуы бұл айдың қадір-қасиетін еселеп арттырады. Алаш ардақтылары азаттық жолында аянбай еңбек етті, сол алаш азаматтары аңсаған Тәуелсіздікке қазақ елі жетті. Бұл күнге жету, Тәуелсіз елде өмір түру үлкен бақыт, оны біз бағалап, қастерлей білуіміз керек», - деді алаштанушы-ғалым.
Сонымен қатар Қайрат Сақ бұл күнді ұлтымыздың ең ұлық мерекесі деп тойлауды өзіміз қолға алуымыз керек, өз деңгейінде тойланбаса ұлттық сана-сезімге сын деген ойын айтты.
«Тәуелсіздік мерекесін мемлекетіміз, билігіміз демалыс күні етіп жариялап берді. Бұл мереке жаңа жылдың тасасында қалып қоймасын, ұлтымыздың ұлық мерекесі ретінде тойлайық деген идеямен Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті 10-15 жылдан бері дәстүрлі түрде ұжымымызбен атап өтеміз. Биыл да сол дәстүр жалғасын тапты. Бірлігімізді нығайтуға және алдымызда тұрған сын - қатерлерді жеңу үшін бар қазақ бір қазақ болып бірігіп, тірлік істесек, ұрпақты сол сана-сезіммен өсірсек, қазақ елі өркендеп, әлемнің өркениетті елдерінің қатарында болады. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын, бірлігіміз артып, тірлігіміз алға баса берсін», - деп қорытындылады Қайрат Сақ.