Елордада видео үшін заң бұзушылыққа барған Lexus жүргізушісі қамауға алынды
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында полиция қызметкерлері «Lexus» маркалы автокөліктің 19 жастағы жүргізушісінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны бейнеленген жарияланымды анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Бейнежазбада жүргізушінің автокөлікпен тротуар бойымен жүріп, жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіргені көрінеді. Сонымен қатар, құқық бұзушылық бейнеленген видеоны ол әлеуметтік желіге өзі жариялаған.
Тексеру нәтижесінде құқық бұзушының жеке басы анықталды. Ол тротуармен жүргені, мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз көлік басқарғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Көлік коммуналдық тұраққа қойылды. Сот шешімімен жүргізуші 7 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Елорда полициясы азаматтарды Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Қауіпсіздік талаптарын әдейі елемеу айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін еске салады. Заңды өрескел бұзудың әрбір фактісіне тәртіппен құқықтық баға беріледі.
Еске салайық, бұған дейін елордада электросамокат жүргізушілеріне бақылау күшейтілгені туралы жаздық.