Елордада электросамокат жүргізушілеріне бақылау күшейтілді
Жаз маусымының басталуымен елорда көшелерінде электросамокат жүргізушілер саны айтарлықтай артқан, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
Дегенмен көптеген азаматтар жол ережелерінің талаптарын елемей, өздері мен айналасындағыларға қауіп төндіруде. Мысалы, жыл басынан бері электросамокат пайдаланушылар 1200-ден астам рет жол ережесін бұзған.
Мәселен, бір жағдайда екі кәмелетке толмаған жасөспірім көлік көп жолда бір электросамокатпен жүріп, жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзған. Осы дерек бойынша 16 жасқа толған жасөспірімге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері оларды тәрбиелеу және күтіп-бағу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Осыған орай полиция бір самокатқа екі адам мінгесуге, қозғалыс кезінде телефон мен құлаққап қолдануға, жылдамдықты асыруға және қауіпті маневрлер жасауға тыйым салынатынын ескертті.
«Жаяу жүргіншілер өткелі арқылы өткен кезде самокаттан түсіп, оны жаяу алып өтуі тиіс. Электросамокатпен жүруге веложолақтар мен велосипед жолақтарында рұқсат етіледі, ал олар болмаған жағдайда – жолдың оң жақ шетімен жүруге болады. Бұл ретте жүргізуші 18 жастан асқан болуы, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы, қорғаныш мотошлем киюі және қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді қолдануы тиіс. Сонымен қатар электросамокат операторларына тіркеу нөмірлерін беру және есепке алу міндеті жүктелген», делінген хабарламада.
Сондай-ақ жалға берілетін самокаттарды пайдаланушылар оларды жиі рұқсат етілмеген орындарға қалдырып кетеді. Тротуарларда, аялдамаларда және жаяу жүргіншілер өткелдерінде тасталған мұндай көлік құралдары азаматтарға кедергі келтіреді. Мұндай самокаттар эвакуацияланып, коммуналдық айып тұрағына жеткізіледі.
Айта кетейік, полиция қызметкерлері қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде рейдтік және профилактикалық іс-шаралар өткізіп келеді.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік әрбір жол қозғалысына қатысушының жауапкершілігіне байланысты.