Конституциялық сот жұмысқа сот арқылы қайта орналасуға қатысты маңызды шешім қабылдады

Бүгін, 18:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Конституциялық сот жұмысқа сот арқылы қайта орналасуға қатысты маңызды шешім қабылдады
Фото: Конституциялық сот

Конституциялық сот сот шешімі арқылы жұмысына қайта оралғысы келетін қазақстандықтар үшін маңызды шешім қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz соттың ресми сайтына сілтеме жасап. 

Конституциялық сотқа азаматтардан Еңбек кодексінің (ЕК) 160-бабы бесінші бөлігі бірінші және екінші абзацтарының, Азаматтық процестік кодекстің (АПК) 455-бабы екінші және үшінші бөліктерінің Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтініштер келіп түсті.

Бірінші жағдайда азамат қызметтік тексеру материалдарының негізінде ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылған.

Соттар құқық қорғау органдарындағы еңбек қатынастарының ерекшелігін ескерместен, ЕК-нің осы нормаларында белгіленген сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алуына сілтеме жасап, жұмысқа қайта алу туралы талабын қанағаттандырудан бас тартқан. Кейіннен қылмыстық істі сотта қарау нәтижелері бойынша оның қызметтік тәртіпті бұзу фактілері анықталмаған. Алайда АПК-нің қолданыстағы нормалары оған жұмысқа қайта алу туралы шешімдерді қайта қарауды талап етуге мүмкіндік бермей отыр.

Екінші жағдайда да өтініш беруші АПК-нің аталған нормаларын тексеруді сұрайды, себебі бұл нормалар бір-біріне қайшы келетін сот актілерінің болуына жол беріп, оның сот арқылы қорғалу құқығын шектейді.

Сот мамандандырылған әкімшілік соттың шешімі қайта қарауға негіз болмайды дегенге сілтеме жасап, азаматтық іс бойынша шешімді қайта қараудан бас тартқан.

Тексеру нәтижелері бойынша Конституциялық сот АПК-нің дау туғызып отырған нормалары сот актілерін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қараудың жалпы қағидатын бұзады, соның салдарынан азаматтар заңды күшіне енген басқа сот актісі бұрын қабылданған шешімде негізге алынған мән-жайларды теріске шығарған жағдайларда өз құқықтарын қорғау мүмкіндігінен айырылып отырғанын атап өтті.

Сот ЕК мен АПК-нің дау туғызып ережелерін азаматтың сот арқылы тиімді қорғалу құқығын шектейді деп таныды.

Конституциялық сот қорытынды шешімінде тексерілген нормаларды Конституцияға сәйкес келмейді деп танып, еңбек заңнамасына өзгерістер енгізілгенге дейін құқық қорғау органдарының және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлерін жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша сотқа жүгінудің бір жылдық мерзімін қолдану қажет деп қаулы шығарды.

Сонымен қатар, заңға өзгеріс енгізілгенге дейін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайларға қатысты азаматтық істер бойынша шешімдерді қайта қараған кезде АПК-нің 455-бабының бірінші бөлігін – бұрын қаралған істі дұрыс шешу үшін айтарлықтай маңызы бар, бұған дейін сотқа белгілі болмаған заңды фактілер қайта қарау үшін негіз болып табылады деген норма басшылыққа алыну керек.