Елордада грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир басталды
Астана қаласында грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт қайраткері Абдығакар Абдрахмановты еске алуға арналған дәстүрлі республикалық турнир басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Бозкілемдегі бәсекеге Астана, Жақсы, Қарағанды, Теміртау, Степногорск қалаларынан, сондай-ақ Түркістан, Қызылорда және Қостанай облыстарынан 2011-2013 жылдары туған 120-ға жуық жас күресші қатысып жатыр.

Биылғы жарыстың деңгейі мен мәртебесі өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Бұл туралы шараның барысы жайлы бөліскен жарыс ұйымдастырушысы Әділ Алжикеев атап өтті.
«Бұл жарыс осыған дейін ашық қалалық біріншілік болып өткен, ал бүгін бірінші рет республикалық деңгейде ұйымдастырылып отыр. Турнирде үздік шығып, бірінші үштікке кірген спортшыларға «Спорт шеберлігіне үміткер» спорттық разряды беріледі. Спортшылар өте жақсы дайындықпен келген, бозкілемдегі белдесулер қызықты әрі тартысты өтіп жатыр. Барлық балаларға сәттілік тілеймін! Еліміздің спорт деңгейі тек өсе берсін!»,- деді ұйымдастырушы.

Абдрахманов Абдығакар Үкібайұлы - Қазақстанның грек-рим күресі тарихында, әсіресе отандық спортшылардың КСРО деңгейіне таныла бастаған кезеңінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған бірегей тұлға. Ол классикалық (қазіргі грек-рим) күресінен КСРО спорт шебері атағын қорғаған алғашқы қазақ палуандарының бірі ретінде тарихта қалды.

Жарыстың басты мақсаты - ардагер ұстаздың есімін ұлықтап, оның еңбегін жас буынға үлгі ету, сондай-ақ еліміздегі балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту және болашақ Олимпиада резервтерін іріктеу болып табылады. Жарыс жеңімпаздары бүгін белгілі болады.
Авторы: Анель Фархатқызы
