Заң мен тәртіп: Есіл өзені бойында оркестр сүйемелдеуімен есірткіге қарсы акция өтті
Елордада тұрғындар мен қала қонақтарына арналған есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған ауқымды профилактикалық акция жаңа әрі ерекше форматта ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Іс-шараны Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, «Сарыарқа» ауданы әкімдігі және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы бірлесіп өткізді. Акцияның басты мақсаты – тұрғындар арасында есірткіге деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайту.
Профилактикалық іс-шара Есіл өзенінің жағалауында өтіп, қала өміріндегі жарқын қоғамдық оқиғаға айналды. Кешкі уақытта жағалау бойымен «Астана – есірткісіз қала!» деген баннер және заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидатын білдіретін «Заң мен тәртіп» жазуы орналастырылған теплоход жүзіп өтті.
Іс-шараға ерекше атмосфера сыйлаған Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы оркестрінің өнер көрсетуі болды. Музыканттардың кәсіби әрі әсерлі орындауы акцияның сәнін келтірді. Олардың жарқын музыкалық композициялары қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, профилактикалық шараны есте қаларлық мәдени оқиғаға айналдырды.
Кейін бағдарлама жағалауда өткен оркестр концертімен жалғасты. Сонымен қатар азаматтардың есірткінің зияны мен оның заңсыз айналымының салдары туралы хабардарлығын арттыру мақсатында ақпараттық парақшалар таратылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, заманауи профилактика тек түсіндіру жұмыстарымен шектелмейді, сонымен қатар халықпен өзара іс-қимылдың маңызды әлеуметтік үндеулерді тиімді жеткізуге мүмкіндік беретін жаңа форматтарын қамтиды. Іс-шараға еріктілер де қатысып, акцияны өткізуге және тұрғындармен жұмыс жүргізуге белсенді атсалысты.
Мұндай шаралар кең аудиторияның назарын аударып, есірткі қатеріне қарсы күрес – бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін тағы бір мәрте еске салады. Ал қоғамдық қауіпсіздіктің негізі – «Заң мен тәртіп».