Қала аумағында «Жалған нөмірлер» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасады
Елорда аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін заңсыз пайдалану фактілерінің алдын алу мақсатында «Жалған нөмірлер» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз, жалған немесе басқа көлік құралдарына тиесілі нөмірлермен жүретін автокөліктерді анықтауға бағытталған күшейтілген тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Кезекті рейд барысында тәртіп сақшылары «Shacman» маркалы автокөлікті тоқтатты. Тексеру кезінде 46 жастағы жүргізушінің көлік құралын жалған мемлекеттік нөмірмен басқарғаны анықталды. Сонымен қатар жүргізушінің С санатындағы көлік құралын басқару құқығы болмаған.
Аталған құқық бұзушылықтар бойынша азамат ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 4 бөлігі мен 612-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімімен жүргізуші қамауға алынып, 1 жылға көлік басқару құқығынан айырылды. Автокөлік коммуналдық айып тұрағына орналастырылды.