Сот сараптамасы қызметіне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы талқыланды

Сот сараптамасы қызметіне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы талқыланды
Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мен Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың қатысуымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне арналған жиын өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиын барысында 2023–2025 жылдар аралығындағы кезеңде Сот сараптамалары орталығы және оның 20 аумақтық филиалының қызметіне жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындылары талқыланды. Аталған сыртқы талдау Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Әділет министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде 2026 жылғы ақпан - мамыр айлары аралығында жүзеге асырылды.

Талдау нәтижесінде 67 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, оларды жоюға бағытталған 55 ұсыным әзірленді. Ұсынымдардың бір бөлігі талдау жүргізу барысында іске асырылды. Сыртқы талдау барысында жекелеген әкімшілік рәсімдердің жеткілікті деңгейде регламенттелмеуі, сондай-ақ процестерді цифрландыру және автоматтандыру деңгейін арттыру қажеттілігіне байланысты тәуекелдер анықталды.

Сонымен қатар сот сараптамасы объектілерін қабылдау, сақтау және пайдалану, заттай дәлелдемелердің сақталуын қамтамасыз ету мәселелеріндегі тәуекелдерге ерекше назар аударылды.



Жиын қорытындысы бойынша анықталған тәуекелдерді жою және сот-сараптама қызметі саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар қаралды. Сондай-ақ Ғылыми- әдістемелік кеңестің қызметін және валидация жүргізу тәртібін регламенттеудің орындылығы туралы шешім қабылданды.

«Е-сараптама» ақпараттық жүйесінде сараптама материалдарын тіркеу, есепке алу және оларды кездейсоқ бөлу модулін енгізу арқылы процестерді автоматтандыру ұсынылды. Алдағы уақытта бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік сатып алу және персоналды басқару салаларында ішкі бақылау күшейтіледі.