Елордада қызметтік ит есірткі заттарды тасымалдау дерегін анықтауға көмектесті
Елордада Бакс есімді қызметтік ит қалаға кіреберістегі бақылау бекеттерінің бірінде тыйым салынған заттарды тасымалдау дерегін анықтауға және оның жолын кесуге көмектесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Күн сайын төрт аяқты көмекшілер кинологтармен бірге тергеу-жедел топтарының құрамында қызмет атқарады, жедел-профилактикалық іс-шараларға қатысады және көлік құралдарын тексеру мақсатында бекеттерде кезекшілік етеді.
Қызмет барысында Бакс «Changan» маркалы автокөлікке белгі берді. Тексеру кезінде көліктің алдыңғы жолаушы орындығынан өзіне тән иісі бар сұр түсті зат салынған бөтелке табылды. Анықталғандай, бұл зат гашиш болған.
Тыйым салынған заттың 40 жастағы иесі ұсталды. Табылған зат тәркіленді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жыл басынан бері елордалық полицейлер қызметтік иттердің көмегімен тыйым салынған заттарды сақтау және тасымалдаудың 32 дерегін анықтады.
Есірткі қылмыстарының алдын алу және жолын кесу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Полиция азаматтарға есірткі құралдарын заңсыз сақтау, тасымалдау және тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.