Семейде концерт билетін сатамын деген алаяқ ұсталды

Семейде концерт билетін сатамын деген алаяқ ұсталды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Семей қаласының полициясына медициналық колледж студенті алаяқтық фактісі бойынша арызданды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз адам әлеуметтік желі арқылы оған белгілі әншінің концертіне билет сататынын айтып, сеніміне кіріп, 10 мың теңге көлеміндегі ақшасын иемденген. Студент көрсетілген соманы банк қосымшасы арқылы аударған. Алайда билетке қол жеткізе алмаған соң полицияға жүгінген. Полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ол – Семей қаласының 20 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынды өтеді.

Оқиға орны бойынша хаттама рәсімделіп, дәлел ретінде хат алмасулардың скриншоттары мен ақша аударымын растайтын түбіртек тәркіленді. Қылмыстық кодекстің алаяқтық бабы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктіге қатысты келу міндеттемесі түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Полиция азаматтарға әлеуметтік желі арқылы билет сатып алу кезінде сақ болуға кеңес береді. Билеттерді тек ресми сервистер мен сенімді платформа арқылы сатып алуқажет, ал мәміленің шынайылығына көз жеткізбей тұрып, бейтаныс адамдарға ақша аудармау қажет.

Еске сала кетсек, Астанада шетелдіктерге ЖСН заңсыз рәсімдеу схемасы әшкереленді.