Астанада шетелдіктерге ЖСН заңсыз рәсімдеу схемасы әшкереленді

Бүгін, 09:52
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада шетелдіктерге ЖСН заңсыз рәсімдеу схемасы әшкереленді
Фото: Оңалхан Өнерхан

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен сыбайлас жемқорлық тетіктерін пайдалану арқылы шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) заңсыз рәсімдеу схемасының жолын кесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шетел азаматтарына ЖСН беру олардың Қазақстан аумағында жеке қатысуы және міндетті биометриялық сәйкестендіруден өтуі арқылы ғана жүзеге асырылады.

Алайда 2024-2025 жылдары өтініш берушілердің Қазақстанға келуінсіз-ақ ЖСН рәсімдеуге заңсыз көмектесетін қылмыстық схема ұйымдастырылғаны анықталды.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, шетел азаматтарын тарту үшін әлеуметтік желідегі арнайы арна пайдаланылған. Сол арқылы ЖСН-ды қашықтан алуға мүдделі азаматтар іздестірілген.

Қылмыстық әрекетке «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның Астана қаласы бойынша филиалының қызметкерлері тартылған. Олар халыққа қызмет көрсету орталығының ақпараттық жүйесіне көрінеу жалған мәліметтер енгізіп, ЖСН алуға қатысты жалған өтінімдер рәсімдеген.

Заңсыз сыйақы делдалдар арқылы банк аударымдары түрінде беріліп, кейін қылмыстық схемаға қатысушылар арасында бөлінген.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Еске салсақ, елордада интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстары жалғасуда.