Астанада зейнеткерлердің маусымдық би кеші өтті

Бүгін, 14:32
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада зейнеткерлердің маусымдық би кеші өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Сарыарқа ауданы бойынша әлеуметтік қызметтер көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен «Арбат» алаңында «Жадыраған жаз» атты жазғы маусымдық би кеші өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Іс-шараның басты мақсаты – зейнеткерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, белсенді өмір салтын насихаттау, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және көтеріңкі көңіл-күй сыйлау болды.

Кештің шымылдығы жүргізушілердің жүрекжарды құттықтауымен ашылып, қатысушыларды достық пен шаттыққа толы мерекелік атмосфераға жетеледі.

Бағдарлама барысында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды.

Іс-шара барысында «Гаухартас» би тобы «Жалын» биін, «Сарыарқа» би тобы «Марджанджа» биін, республикалық байқаулардың лауреаты «Әдемі дәуір» би тобы «Мария Магдалена» биін және «Шабыт» би тобы «Куканелла» биін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Кеш барысында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыров, Сарыарқа ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Кенжеболат Бәпішев пен ардагерлер кеңесінің өкілі Уляш Құсайынова жиналған қонақтарды демалыс кешінің ашылуымен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Ұйымдастырушылар жазғы би кештері Арбаттағы демалу орнында әр айдың екінші және төртінші бейсенбісінде өткізілетін атап өтіп, барлық қала зейнеткерлерін келесі кездесулерге қатысуға шақырды.

Еске салайық, бұған дейін елордалық зейнеткерлерге алаяқтардың арбауына түспеу жолы түсіндірілді.