Қашағанда тағы бір газ өңдеу зауыты салынады

Қашағанда тағы бір газ өңдеу зауыты салынады
Фото: Энергетика министрлігі

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің төрағалығымен Қашаған кен орнында қуаттылығы жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Айта кету керек, қазіргі уақытта Қашаған кен орнында қуаттылығы жылына 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. 

Кеңеске «QazaqGaz» ҰК» АҚ, «PSA» ЖШС, NCOC компаниясы акционерлерінің басшылығы, сондай-ақ жобаны іске асыруға қатысатын өзге де мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қашағандағы қуаттылығы 2,5 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытын салу жобасы нақты іске асыру кезеңіне өткенін атап өтті. Кеңес барысында жобаның ағымдағы жай-күйі, мүдделі тараптар арасындағы үйлестіру мәселелері, сондай-ақ нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар талқыланды. Министр газ өңдеу зауытын салу жобасының еліміздің газ саласын дамыту үшін стратегиялық маңызға ие екенін және Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауында тұрғанын атап өтті. 

Сонымен қатар, Үкіметтің қаулысымен жобаның EPC-мердігері ретінде China National Chemical Engineering Sixth Construction Company Kazakhstan Branch және China Wuhuan Engineering Corporation Ltd компанияларынан құралған консорциум айқындалғаны атап өтілді. Кеңес қорытындысы бойынша Ерлан Ақкенженов жобаға қатысушы барлық тарапқа жұмысты тиімді үйлестіруді және жобаны іске асыру мерзімін сақтау үшін сындарлы өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ «QazaqGaz» ұлттық компаниясы жобаны іске асыру барысы, қабылданып жатқан шаралар және туындаған мәселелер туралы ақпаратты жедел түрде шешуге ықпал ету мақсатында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне ай сайын ұсынып отыру тапсырылды.

Еске сала кетсек,  Қашаған мен Теңіз кен орындарының мұнайын өңдейтін еліміздегі төртінші ірі мұнай өңдеу зауытын салу жобасы іске асыру кезеңіне өтті.