Астанада мас адамға көлік тізгінін берген жүргізуші жауапқа тартылды

Астанада мас адамға көлік тізгінін берген жүргізуші жауапқа тартылды
Фото: Астана қаласы Полиция департаменті

Елорда аумағында өтіп жатқан «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері осындай кезекті құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қала Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Шамамен сағат 05:00-де 27 жастағы азамат өзінің «KIA Rio» маркалы автокөлігін Халықтар Достығы көшесіндегі мейрамхананың бірінің маңында алкогольдік масаң күйде болған адамға басқаруға бергені белгілі болды.

Тексеру нәтижесінде көлік иесінің ҚР Жол жүрісі қағидаларының 2.12.6-тармағының талаптарын бұзғаны анықталды. Яғни, ол көлік құралын алкогольдік масаң күйдегі адамға сеніп тапсырып, жол қозғалысының барлық қатысушысына елеулі қауіп төндірген.

«Мас жүргізуші рөлге отырған сәттен бастап тек өзінің ғана емес, жолаушылардың, жаяу жүргіншілердің және басқа жүргізушілердің өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан заң алдында көлікті мас адамға беру де аса ауыр құқық бұзушылықтардың бірі болып саналады», делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша көлік иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалып, материал сотқа жолданды. Ал, мас күйде көлік басқарған азаматқа ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 6-бөлігімен хаттама толтырылды.
Елорда полициясы азаматтарға алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін көлік басқармауды ғана емес, сондай-ақ көлік құралын мас адамға ешбір жағдайда сеніп тапсырмауды қатаң ескертеді.

 

Еске салсақ, елордалық прокурорлар жүргізушілерге жол ережесін бұзудағы құқықтық салдарды түсіндірді