Елордада интернет-алаяқтық бойынша 66 адам жауапкершілікке тартылды

Елордада интернет-алаяқтық бойынша 66 адам жауапкершілікке тартылды
Фото: Астана қаласы коммуникациялар қызметі

Астана қаласында интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және оның алдын алу бойынша жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Бұл туралы Астана қаласының полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Сәкен Алауханов мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның сөзінше, есепті кезеңде елордада интернет-алаяқтықтың 1 530 дерегі тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өзгермеген (2025 жылы - 1529 дерек). Сонымен қатар азаматтардың банк карталары мен шоттарын заңсыз пайдаланған дропперліктің 51 фактісі анықталған.

Құқық бұзғандар жауапкершілікке тартылуда

Жыл басынан бері интернет-алаяқтық фактілері бойынша 66 адам ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде аса ірі көлемдегі шығын келтірген қылмыстарға қатысы бар үш шетел азаматы ұсталған.

Сондай-ақ, SIM-карталарды заңсыз тіркеу және WhatsApp аккаунттарын үшінші тұлғаларға беру фактілері бойынша 5 адам ұсталған. Заңсыз айналымнан 420 SIM-карта, 12 ұялы телефон және 1 компьютер тәркіленді

Банктермен және байланыс операторларымен өзара іс-қимыл оң нәтиже беруде

Интернет-алаяқтыққа қарсы күресте мемлекеттік органдардың, банк секторының және байланыс операторларының бірлескен жұмысы маңызды рөл атқарады.

Екінші деңгейлі банктермен жүргізілген тиімді өзара іс-қимылдың нәтижесінде азаматтардың қаржылық шығындарының алдын алып, жалпы сомасы 19 миллион теңге болатын қаражатты бұғаттауға қол жеткізілді. «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, интернет-алаяқтық жасауға бағытталған 36 әрекеттің жолы кесілді. 

Бұдан бөлек, интернет кеңістігін қауіпсіз ету мақсатында 4 320 жалған хабарландыру мен заңсыз интернет-ресурсты бұғаттауға ұсыныс жолданды.

Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде

Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу - интернет-алаяқтықтың алдын алудың басым бағыттарының бірі.  Азаматтардың  алаяқтықтан сақтану жөніндегі ақпараттылығын арттыру үшін бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджеріндегі тұрғындар чаттары кеңінен қолданылып келеді.

Жыл басынан бері алаяқтықтың кең таралған түрлері мен қорғану жолдарына арналған 79 бейнеролик дайындалды. Аталған материалдар қаланың 13 LED-экранында көрсетіліп, кең аудиторияны қамтыған. Сонымен қатар аудиороликтер қаладағы 125 қоғамдық орында тұрақты түрде таратылып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында 397 материал жарияланып, телеарналарда мамандар мен құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен 23 сөз сөйлеуі ұйымдастырылды.

Халықпен тікелей өзара іс-қимыл жасау мақсатында адамдар көп жиналатын орындарда 35 профилактикалық акция өтіп, азаматтармен 650 кездесу ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, 24 мыңнан астам ақпараттық жадынама таратылып, тұрғындардың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған 412 дәріс өткен.

Жастарды цифрлық қауіптерден қорғау: кешенді тәсіл

Елордада жастарды заманауи алаяқтық түрлерінен қорғау бағытындағы жұмыстар белсенді жүргізіліп келеді. Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, дропперлік әрекеттерге қатысудың қауіптілігі мен құқықтық салдарын түсіндіретін қысқаметражды фильм түсірілді.

Туынды елорданың мектептерінде, колледждерінде және жоғары оқу орындарында көрсетіліп, жастарға түсіндірілген. Бұдан бөлек, жастарға құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары мен алаяқтық әрекеттерден  қорғану тәсілдерін түсіндіру мақсатында төрт форум өткен. 

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында интернет-алаяқтық тақырыбына арналған эссе байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың негізгі мақсаты - IT-қылмыстардың алдын алу және цифрлық сауаттылықты дамыту болды.

Банк картасының деректемелерін, банк шоттары мен SIM-карталарын бөгде адамдардың пайдалануына жол бермеу қажет. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, әр адамның сақтығы мен жауапкершілігі өз қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты екенін есте ұстаған жөн. Қарапайым цифрлық қауіпсіздік қағидаларын сақтау қаржылық шығындар қаупін айтарлықтай азайтады.