Елордалық лицей директоры: Балаларды зиянды әдеттен қалай арашалаймыз
Астана қаласы әкімдігінің №8 мектеп-лицейі директоры Гүлнұр Айтимова Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселесінің бірі - жасөспірімдер арасындағы зиянды әдеттердің, соның ішінде алкогольдік ішімдік ішудің алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыс туралы айтты.
- Мектебіңізде оқушылардың салауатты өмір салтын ұстануы мен өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру бағытында қандай жұмыстар жүргізіледі?
- Бала кезден дұрыс әдеттерді қалыптастыру - дені сау ұлттың негізі. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде екі үлкен жоба аясында жүзеге асырып келеміз. Бастауыш сынып бүлдіршіндеріне арналған «Салауатты тамақтану» жобасы шеңберінде мұғалімдер дұрыс тамақтану әдебі, фаст-фуд пен зиянды өнімдердің зардаптары туралы қызықты сынып сағаттары мен танымдық ойын сабақтарын өткізеді. Балалар ойын арқылы ненің пайдалы, ненің зиян екенін ерте жастан санасына тоқиды. Атап өтерлігі, мектебіміздің ұстаздары осы дұрыс тамақтануды насихаттау бойынша өздерінің жинақтаған озық іс-тәжірибелерін қала, тіпті республика көлемінде белсенді таратып, кәсіби байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді.
Ал орта және жоғары сыныптарға арналған «Ландшафтық бақ» жобасы аясында оқушыларымыз тек теориялық емес, практикалық тәжірибе жинақтайды. Олар пайдалы өнімдерді өсіру, оларды күтіп-баптау жолдары туралы ауқымды жұмыстар жасап, зерттеу нәтижелерімен және өздерінің бірегей жобаларымен белсенді бөліседі. Еңбекпен келген табиғи өнімнің қадірін білген бала ешқашан зиянды заттарға әуес болмайды.
- Оқушыларға алкогольдің зиянын түсіндіріп, оларды дұрыс таңдау жасауға баулуда қандай профилактикалық жобалар мен іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр?
- Жасөспірімдер арасындағы тәуелділіктің алдын алуда тек мектеп ішінде шектелмей, әлеуметтік серіктестермен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Оқушыларға алкоголь, есірткі және өзге де зиянды заттардың ағзаға тигізер кесірін түсіндіру мақсатында №8 емхананың білікті медицина қызметкерлері, тәжірибелі сынып жетекшілері және мектебіміздің жанынан құрылған «Билер кеңесінің» өкілдері тұрақты түрде арнайы кездесулер, ашық сұхбаттар мен аталы сөз айтылатын сынып сағаттарын өткізеді.
Сонымен қатар, бұл бағыттағы жұмыстарды іс жүзінде бекіту үшін нақты мақсатты шараларды қолға алдық. Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мен достық орта қалыптастыру мақсатында «Менің сыныбым буллингке қарсы» челленджі кеңінен өркен жайды. Нашақорлық пен зиянды әдеттерге тосқауыл қою бағытында «Астана - есірткісіз қала» акциясы аясындағы шағын футбол турнирін дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеміз. Ал балалардың бос уақытын мәдени әрі танымдық бағытқа бұруда мектепте арнайы ұйымдастырылатын «Kino time» танымдық фильм көрсетілімдері оқушылар арасында үлкен сұранысқа ие.
- Балалар мен жасөспірімдер арасында зиянды әдеттердің алдын алу мәселесінде мектеп пен ата-аналар арасындағы ынтымақтастық қалай жүзеге асырылады?
- Отбасы мен мектеп - бала тәрбиесіндегі екі алтын діңгек. Біз бұл байланысты күшейту үшін тәрбиенің негізгі өзегі ретінде «Ай құндылығы» бағытын алдық. Әр айдың өзіндік белгіленген адамгершілік, отбасылық немесе денсаулық құндылығына байланысты мектепте ата-аналармен бірлескен іс-шаралар жиі ұйымдастырылады.
Осы ынтымақтастықтың жарқын көрінісі ретінде отбасылық құндылықтарды дәріптейтін «Отбасы – бақыт мекені» отбасылық коллаж жасау байқауын және ата-аналардың мектеп тынысымен етене танысуына мүмкіндік беретін «Ата-анамен ынтымақтастық – баланың дамуының алтын көпірі» атты Ашық есік күнін атап өтуге болады. Мұндай ашық диалог пен бірлескен шығармашылық ата-аналардың мектеп өміріне белсене араласуына жол ашып, баланың ішкі дүниесін түсінуге және оларды жат қылықтардан бірлесе қорғауға үлкен септігін тигізеді.
- Ішімдік ішу және өзге зиянды әрекеттердің алдын алу жұмысында спорт секциялары, шығармашылық үйірмелер мен сыныптан тыс іс-шаралардың рөлі қандай?
- Спорт пен өнер - зиянды әдеттерге қарсы ең қуатты қалқан. Баланың энергиясы мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттасақ, жат қылықтарға орын қалмайды. Осы мақсатта мектебімізде спорттық және ұлттық ойын үйірмелері өте жоғары деңгейде жолға қойылған.
Мектепте оқушылардың таңдауына қарай алуан түрлі үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді.
Ұлттық ойындар: Асық ату, тоғызқұмалақ, ләңгі (бұл ойындар баланың мергендігін, логикасын және төзімділігін арттырады).
Спорт секциялары: Баскетбол, волейбол, футбол (жоғарыда аталған «Астана - есірткісіз қала» турнирі де осы секция жұмысының жемісі).
Оқушыларымыз бос уақытында осы үйірмелерде шыңдалып, мектепішілік және қалалық жарыстарға қатысады. Бұл олардың бойында командалық рухты, жеңіске деген ұмтылысты және салауатты бәсекелестікті қалыптастырады.
- Жасөспірімдермен жүргізілетін профилактикалық жұмыста қандай заманауи тәсілдер мен форматтар тиімді нәтиже көрсетіп отыр?
- Қазіргі жасөспірімдерге жалаң ұрандар мен құрғақ лекциялар әсер етпейді. Оларға интерактивтілік, сыни ойлау мен шынайылық қажет. Сондықтан біздің тәжірибемізде мынадай заманауи форматтар жоғары тиімділік көрсетіп отыр:
Синхронды жобалық қызмет («Ландшафтық бақ» пен «Салауатты тамақтану»): Балалар мен мұғалімдер өз бетімен зерттеп, нәтиже шығаратын істермен айналысқанда, жауапкершілікті терең сезінеді.
Сыни ойлау мен шешендік өнер: Бұл бағытта «Ұшқыр ой алаңы» жобасы аясындағы қалалық дебат турнирін ерекше атап өткім келеді. Дебат арқылы жасөспірімдер кез келген әлеуметтік мәселені, соның ішінде зиянды әдеттердің зардабын интеллектуалды тұрғыдан талдап, өз позициясын дәлелдеуді үйренеді.
Медиа-форматтар мен ашық диалог: «Kino time» форматындағы фильмдерді бірге талдау және «Билер кеңесі» мен медицина мамандарымен ашық жүздесулер жастардың ересектер тарапынан қолдау мен түсіністікті сезінуіне жағдай жасайды.
- Оқушылар мен олардың ата-аналарына салауатты өмір салтын ұстану және денсаулықты сақтау бағытында қандай кеңес берер едіңіз?
- Оқушыларға айтарым: Денсаулығыңыз - өз қолыңыздағы ең үлкен капитал. Спортпен шұғылданыңыз, дебатқа қатысып, ой-өрісіңізді кеңейтіңіз, пайдалы әрі табиғи тағамды таңдаңыз. Уақытша алдамшы қызықтар мен буллинг секілді жат әрекеттерге, зиянды әдеттерге «ЖОҚ» деп айта білу - нағыз күштілік пен тұлғалық қасиеттің белгісі. Мектептегі әрбір сәтті, үйірмелер мен жобаларды өзіңізді дамыту үшін тиімді пайдаланыңыз.
Ата-аналарға кеңесім: Бала үшін ең үлкен үлгі - сіздерсіздер. Отбасында салауатты өмір салты мен өзара сыйластық мәдениетін қалыптастырып, баламен ашық сырласуға уақыт табыңыздар. Мектептегі Ашық есік күндеріне белсене қатысып, баланың бос уақытының мазмұнды өтуін мектеппен бірлесе отырып қадағалап, қызығушылығын қолдап отырайық. Баланы тыйымдармен емес, дұрыс бағыт көрсету және бірлескен игі істер арқылы тәрбиелейік.
- Мектеп психологтары мен ұстаздар баланың ішкі дағдарысын («жасырын қауіп сигналын») ерте бастан қалай анықтайды?
- Өте орынды сауал. Жасөспірім шақта баланың мінез-құлқы құбылмалы болады, бірақ тәжірибелі педагог пен психолог үшін баланың оқшаулана бастауы - алғашқы белгі. Біз «жасырын қауіп сигналдарын» анықтау үшін бірнеше бағытта жұмыс істейміз.
Мінез-құлық мониторингі (вербалды емес белгілер), баланың сабақ үлгерімінің кенет төмендеуі, үнемі шаршап жүруі, бұрын белсенді қатысатын шаралардан бас тартуы немесе достар ортасын күрт өзгертуі - бірінші дабыл. Сынып жетекшілері күнделікті байланыста болғандықтан, мұндай өзгерісті бірден байқайды.
Сенім жәшігі мен Анонимді сауалнамалар. Мектепте психологиялық ахуалды анықтау үшін тұрақты түрде анонимді скринингтер өткізіледі. Сондай-ақ, оқушылар өз қиындықтарын ашық айта алмаса, «Сенім жәшігі» арқылы хат қалдыра алады.
«Қатарлас-қатарласқа» (Peer-to-peer) жүйесі: Көбіне бала ішкі сырын мұғалімге емес, досына айтады. Сондықтан біз мектептегі белсенді оқушыларды, соның ішінде «Билер кеңесін» қатарластарының арасындағы эмоционалды өзгерістерді байқап, көмек қажет болған жағдайда психологқа бағыттап отыруға баулимыз. Бұл - дағдарыстың алдын алудың ең тиімді құралы.
- Мектеп вейп, энергетикалық сусындар сияқты заманауи қауіптермен қалай күреседі? Ескі әдістер (лекция, плакат) тиімді ме?
- Қазіргі заманда плакат іліп, «арақ ішпе, темекі шекпе» деп лекция оқу мүлдем нәтиже бермейді, тіпті керісінше, жасөспірімдердің қызығушылығын оятуы мүмкін. Өйткені вейптер мен энергетиктерді өндірушілер оларды «сәнді», «зиянсыз» әрі «заманауи» тренд ретінде жарнамалайды. Сондықтан біз күрес әдістерін толықтай өзгерттік.
Интерактивті ғылыми зертханалар - «Ландшафтық бақ» пен «Салауатты тамақтану» жобалары аясында біз балаларға химиялық және биологиялық тұрғыдан вейп сұйықтықтары мен энергетиктердің құрамын талдауға мүмкіндік береміз. Бала құрғақ сөзге емес, тәжірибе жүзінде бұл заттардың тамырды қалай тарылтатынын, жүрекке қалай салмақ түсіретінін көргенде, саналы түрде бас тартады.
Медиа-сауаттылық және Жарнама құпиясы - сынып сағаттарында біз балалармен бірге маркетологтардың айла-амалдарын талдаймыз. Вейп өндірушілердің оларды тәтті дәмдермен, ашық түстермен қалай алдайтынын түсіндіреміз. Жастар ешкімнің өзінен ақша жасап, алдағанын қаламайды. Бұл олардың сыни ойлауын оятып, өнімге деген қызығушылығын суытады.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Авторы: Альмира Қасқырбаева