Астанада Орталық Азиядағы Цзянсу провинциясының орталығы ашылды
Астанада Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары мен бизнес қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен «Қытай (Цзянсу провинциясы) – Қазақстан» сауда-экономикалық ынтымақтастық форумы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шара екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.
Форум аясында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Қытай Халық Республикасының Цзянсу провинциясы партия комитетінің хатшысы Синь Чжансин инвестициялық ынтымақтастықтың келешегін талқылап, Орталық Азиядағы Цзянсу провинциясы орталығының ашылғанын ресми түрде жариялады.
Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Мемлекеттер басшылары айқындаған стратегиялық бағыттың нәтижесінде Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі ретінде өз орнын нығайтып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетіп, 49 млрд АҚШ долларын құрады.
Сонымен қатар Қазақстан Қытайдың Орталық Азиядағы басты экономикалық серіктесі саналады. Қазіргі таңда Қытайдың өңір елдерімен жалпы сауда көлемінің шамамен 60 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі.