Бүгін елордада Phygital Contenders Astana 2026 чемпиондары анықталады

Бүгін елордада Phygital Contenders Astana 2026 чемпиондары анықталады
Фото: АҚ "Kazsportinvest"

Бүгін елордада Phygital Contenders Astana 2026 халықаралық іріктеу турнирінің шешуші кезеңі – финалдық ойындар өтеді. Бірнеше күн бойы әлемнің әр түкпірінен келген командалар мен спортшылар фиджитал футбол, фиджитал баскетбол және фиджитал би бойынша өзара бақ сынап, енді басты жүлде мен «Болашақ ойындары 2026» халықаралық мультиспорттық турниріне жолдама үшін соңғы шешуші кездесулерге шығады, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Финалдық кездесуден бұрын айтулы дода жартылай финалдық матчтармен басталып, медиа өкілдері мен қазақстандық танымал инфлюенсерлер қатысатын арнайы Media Showdown кездесуіне ұласты. Ал кешкі уақытта үшінші орын үшін матч өтіп, одан кейін турнирдің гранд-финалы ұйымдастырылады. Дәл осы кездесулердің қорытындысы бойынша үздік командалар анықталып, биыл 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтетін «Болашақ ойындары 2026» додасына жолдама алады.

Жартылай финалдық ойындардың алдында сөз сөйлеген «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов фиджитал спорттың жастар үшін маңызына ерекше тоқталды.

«Phygital Contenders Astana 2026 турнирінің финалына қош келдіңіздер! Дәстүрлі спорт пен цифрлық технологиялардың тоғысуынан жаңа бағыт – фиджитал спорт қалыптасты. Біз үшін осындай ауқымды жобаның жүзеге асуына атсалысу – үлкен мәртебе. «Самұрық-Қазына» турнирдің титулдық серіктесі ретінде жаңа спорт түрінің дамуына өз үлесін қосып келеді. Фиджитал спортты жаңа деңгейге көтеріп, оған жастардың қызығушылығын арттыру – ортақ мақсатымыз. Біз бұл бағытты жас буынды спортқа баулудың, оның қабілетін шыңдап, талантын ашудың тиімді құралы деп санаймыз. Бұл – салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, спорттың болашағына салынған инвестиция. «Самұрық-Қазына» үшін спортты қолдау – корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктің басым бағыттарының бірі. Соңғы бірнеше жылда қордың қолдауымен 19 спорт кешені ашылып, олардың қызметімен 700 мыңнан астам адам қамтылды. Оның басым бөлігін жастар мен балалар құрайды. Ұйымдастырушыларға, серіктестерге және спортшыларға шынайы алғысымды білдіремін. Бүгінгі финалдық бәсеке «Болашақ ойындарына» апарар маңызды кезеңдердің бірі боларына сенімдімін. Барлық қатысушыларға тартысты дода мен жарқын жеңіс тілеймін», – деді Нұрлан Жақыпов.

Сөз барысында Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев «Болашақ ойындары – 2026» турнирінің еліміз үшін стратегиялық маңызына тоқталып, оның цифрландыру мен инновацияларды дамытудағы рөлі ерекше екенін атап өтті.

«Болашақ ойындары – 2026 – Мемлекет басшысының заманауи цифрлық экономиканы қалыптастыру және адами капиталды дамыту жөніндегі стратегиялық бағытына толық сәйкес келетін маңызды халықаралық жоба. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында бұл іс-шараның маңызы бұрынғыдан да арта түседі. Өйткені ол технологиялар, спорт және инновациялар саласындағы озық жетістіктерді бір алаңға тоғыстырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл жоба елімізде цифрлық мәдениеттің одан әрі дамуына, жастардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін ашуға, сондай-ақ Қазақстанның болашақтың күн тәртібін сенімді қалыптастырып келе жатқан мемлекет ретіндегі халықаралық беделін одан әрі нығайтуға елеулі ықпал етеді деп сенемін», – деді сөз барысында Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев.

World Phygital Community ұйымының басқарма төрағасы әрі басқарушы директоры Дэн Меркли де турнирдің жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, Қазақстанға ризашылығын білдірді.

«Ең алдымен, осы апта бойы өткен Phygital Contenders Astana 2026 турнирінде бақ сынаған барлық спортшыларды шын жүректен құттықтаймын. Біз әлемнің түкпір-түкпірінен келген фиджитал қауымдастығы өкілдерінің жоғары шеберлігіне, ерекше таланты мен жеңіске деген жігеріне куә болдық. Цифрлық кеңістіктегі де, ойын алаңындағы да бәсекенің деңгейі өте жоғары болды. Бұл турнир әлемнің әртүрлі елдерінде өткен іріктеу кезеңдерінің заңды қорытындысы әрі фиджитал спорттың ең беделді додасы – «Болашақ ойындарына» бастар маңызды белес болып табылады. World Phygital Community аясындағы жарыстардан үздік шығып, «Болашақ ойындарына» жолдама алған әрбір команда – бүкіл әлемдік фиджитал қауымдастық үшін үлкен жетістік. Ал сол командалар кейін чемпион атанса, бұл біздің ортақ жетістігімізге айналады. Қазақстанға, Астана қаласына және осы ауқымды жобаның жүзеге асуына үлес қосқан барша азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздердің қонақжайлықтарыңыз, қолдауларыңыз бен жанашырлықтарыңыз фиджитал спорттың әлемдік деңгейде дамуына үлкен серпін беріп келеді. Осы жазда Астанада өтетін «Болашақ ойындары 2026» жоғары деңгейде ұйымдастырылатынына кәміл сенемін және бұл қалаға қайта оралатын күнді асыға күтемін», – деді Дэн Меркли.


Phygital Contenders Astana 2026 – әлемнің үздік фиджитал спортшыларын анықтайтын маңызды іріктеу кезеңі. Сондықтан бүгінгі финалдық кездесулерде жеңіске жеткен командалар тек турнир чемпионы атанып қана қоймай, жазда Астанада өтетін «Болашақ ойындары 2026» халықаралық додасында бақ сынау мүмкіндігіне ие болады.