Заң мен тәртіп: Елордада ерекше сурет көрмесі өтті
Астанадағы барлық жалпы орта білім беретін мектептерде оқушылардың шығармашылық, цифрлық және құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған «Заң мен тәртіп әлемі» атты сурет көрмелері ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Көрме – өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заң мен тәртіп қағидаттарын насихаттауға және балалардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды тәрбиелік жоба. Оқушылар өз шығармашылық жұмыстары арқылы қоғамдағы әділдік, қауіпсіздік, жауапкершілік және тәртіп құндылықтарын көркем тілмен бейнелейді.

Жас суретшілердің туындылары заңға құрмет, қоғамдық тәртіп, жол қозғалысы қауіпсіздігі, интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық және жеке қауіпсіздік мәдениеті сияқты өзекті тақырыптарды қамтиды. Көрме балалардың тек шығармашылық қабілетін ғана емес, сонымен қатар құқықтық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған іс-шаралар білім алушылардың шығармашылық, зияткерлік және әлеуметтік дамуына ықпал етіп қана қоймай, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заң мен тәртіпке құрмет сезімін нығайтуға бағытталған.
Іс-шараға оқушылар, педагогтер, ата-аналар қатысты.
«Заң мен тәртіп бәрінен маңызды. Балаларды білімге заманауи технологиялық үдерістерге баулу өте маңызды. Өйткені ХХІ ғасыр – ғылым мен жаңа технологиялар дәуірі. Сонымен қатар құқықтық мәдениет артып, заң мен тәртіп қағидаларын сезіне түскендігі аса маңызды. Сондай-ақ жас өрендер сурет көрмесін көріп табиғат пен адамзаттың ортақ құндылықтарын сезіне алады», – деді ата-ана Гүлфайруз Ескендірова.
Еске сала кетейік, елордада 74 жастағы зейнеткер жеке сурет көрмесін өткізді.