Елордада 74 жастағы зейнеткер жеке сурет көрмесін өткізді

Бүгін, 15:55
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордада 74 жастағы зейнеткер жеке сурет көрмесін өткізді
Фото: Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы

Астана қаласы «Сарайшық» ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында белсенді зейнеткер, әрі әуесқой суретші Байжан Омаровтың «Әлем менің көзіммен» атты жеке сурет көрмесі өтті. Аталған көрмеде қыл қалам шебері замандастарына 30-ға жуық картинасын ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шара барысында қонақтар суретшінің шығармашылық туындыларымен танысып, әрбір картинаның мазмұны мен дүниеге келу тарихы туралы қызықты мәліметтер алды. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, Байжан Жұмабекұлының өнер жолы, шығармашылық ізденістері мен шабыт көздері жайлы әсерлі әңгімесін тыңдады.

Байжан Омаров Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында үстел теннисі, жаттығу залы, вокал үйірмелеріне белсене қатысады, бос уақытында сүйікті ісі – сурет өнерімен айналысқанды ұнатады.

Көрме келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Көрермендер өз әсерлерімен бөлісіп, суретшінің шеберлігі мен туындыларының мазмұндық тереңдігіне жоғары баға берді. Шара жылы, достық әрі шығармашылық атмосферада өтіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй мен шабыт сыйлады.

Кездесу, соңында, Байжан Омаровқа өнер мен шығармашылықты дәріптеуге қосқан үлесі, сондай-ақ, орталықтың қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының атынан Алғыс хат пен естелік сыйлық табысталды.