Astana Motors зауытында Volvo жүк тартқыш көліктері шығарылады

Бүгін, 17:06
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Astana Motors зауытында Volvo жүк тартқыш көліктері шығарылады
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Қазақстанда Volvo жүк автомобильдерін өндіруге дайындықты көздейтін Astana Motors және Volvo Group арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл туралы екі елдің мемлекеттік органдары, даму институттары мен бизнес-құрылымдары өкілдерінің қатысуымен Астана қаласында өткен Қазақ-швед сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты комиссиясының отырысында белгілі болды

Жобаның бастапқы кезеңінде алыс қашықтыққа тасымалдауға арналған Volvo FH13  магистралды тартқыштарын шығару жоспарланып отыр. Сонымен қатар өнеркәсіп пен құрылыста кеңінен қолданылатын Volvo FMX13 автокөліктерін өндіру мүмкіндігі қарастырылуда.

Швед автомобиль компаниясы – кеңейтілген модельді жүк көліктерін шығаратын әлемдегі көшбасшы өндірушілердің бірі. Өткен жылы Volvo Trucks Қазақстанда алғашқы сервистік стансасын және Орталық Азия мен Кавказ өңірі үшін жаңа кеңсе ашты. Бірлескен өндіріс алаңын іске қосу отандық автомобиль саласының әлеуетін нығайтып, Қазақстан мен Швеция арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді.