Елордада жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары күшейтілді

Бүгін, 12:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордада жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары күшейтілді
Фото: Астана қаласы полиция департаменті

Астана қаласының ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы қадағалаусыздық пен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында үнемі профилактикалық рейдтік іс-шаралар өткізуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Рейдтік жұмыстар барысында полиция қызметкерлері жасөспірімдер жиі жиналатын орындарды, тұрғын үй кешендерінің аулаларын, саябақтарды, сауда-ойын-сауық орталықтарын және өзге де қоғамдық орындарды тексереді.

Профилактикалық іс-шаралар аясында кәмелетке толмағандарға және олардың заңды өкілдеріне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптары түсіндіріліп, жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары, балалардың түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз жүруіне жол бермеу мәселелері, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу жолдары түсіндірілуде.

Рейд барысында Айнакөл көшесінде түнгі уақытта заңды өкілінің еріп жүруінсіз жүрген кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Аталған дерек бойынша баланың заңды өкілі – 57 жастағы азаматша қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, ювеналды полиция қызметкерлері қаладағы мектеп жанындағы лагерьлерде тұрақты түрде дәрістер мен түсіндіру кездесулерін өткізуде. Кездесулер барысында балаларға су айдындарындағы, жолдардағы және қоғамдық орындардағы қауіпсіздік қағидалары, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік талаптары мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері түсіндірілуде.

Астана қаласының Полиция департаменті ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың жүрген жерін бақылауда ұстап, қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырады.

Еске салайық, бұған дейін елордалық оқушылар арасында құқықтық хакатон өткені туралы жаздық.